BasNewsЖаңалықтар

ЮНЕСКО тоғызұмалақ ойынын адамзатқа ортақ мәдени мұра деп таныды

17 желтоқсанда Парижде тоғызұмалақ ойыны Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының Репрезентативтік тізіміне енгізілді, – деп хабарлайды BasNews.kz Қазақстанның Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Материалдық емес мәдени мұраны (МЕММ) қорғау жөніндегі үкіметаралық комитет тиісті ұсыныс үшін онлайн режимде өтіп жатқан 15-сессияда дауыс берді.

«Сессияда Үкіметаралық комитет 42 номинацияны, оның ішінде Қазақстан, Қырғызстан және Түркия бірлесе енгізген «Тоғызұмалақ» ойынын қарастырды», – делінген хабарламада.

Тоғызұмалақ (қырғыздарда – Тогуз коргоол, түріктерде – мангала/гечюрме) – адамның ұтқырлық пен тапқырлық қасиетін ұштайтын, әрі математикалық ойлау мен төзімділікке баулитын ойын. Ол ежелгі түркілер қасиетті санаған 9 санына негізделген. Ойынды кейде «қойшылар алгебрасы» деп те атады. Өйткені, ойын кезінде барлық төрт негізгі математикалық амал қолданылады. Ойын жылдамдық пен әдіс-тәсіл санауға құрылған.

«Тоғызқұмалақтың» енуімен бірге МЕММ репрезентативтік тізіміндегі адамзаттың мәдени мұрасы санатындағы қазақстандық элементтер саны 11-ге жетіп отыр. Бұған дейін бұл тізімге домбыра күй өнері, киіз үй жасау дәстүрі, айтыс, қазақ күресі, Наурыз мейрамы, саятшылық, жіңішке нан – қатырма, асық ойыны, Қорқыт мұрасы және қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі мерекелік әдет-ғұрыптары (бие байлау, айғыр қосу, қымыз мұрындық) кірген болатын.

Басқа жаңалықтар

Back to top button