BasNewsЖаңалықтарПікір

Алтай Көлгінов: «Міндетіміз – қаланы қыстан кейін ретке келтіру»

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында елордада жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмысы мен санитарлық мәселелер жайлы мәлім етті, деп хабарлайды BasNews.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Елорданың қысы ұзақ, жауын-шашын да молынан жауады. Көктем келісімен коммуналдық қызметкерлер қаланы абаттандыру мен санитарлық тазалауға кірісті. Көпірлер мен қоршауларды, жол белгілерін жуып, құрғақ бұтақтарды кесіп, т. б. жұмыстар жүргізіп жатыр. Аудан әкімдерімен, басқармалармен, әкімдікке қарасты ұйымдармен онлайн-кеңес өткіздім.

Бірінші. Санитарлық тазалау

Аудан әкімдеріне қаланы абаттандыру, санитарлық тазалау, қасбеттерді тиісті қалыпқа келтіру жұмыстарын жеке бақылауға алуды, соның ішінде ПИК-ке (МИБ) дейін жеткізуді, қоғамдық кеңістіктерді, скверлерді, тротуарларды және т. б. ретке келтіруді тапсырдым.

Екінші. Жол жұмыстары

Жол шұңқырларын жөндеуді тапсырдым. Сонымен қатар, орташа жөндеу мен асфальттауды қажет ететін жолдардың тізімін жаңартуды тапсырдым. Ең алдымен қаланың ескі бөлігі мен елді мекендерге ерекше назар аудару керек. Қозғалыс қарқындылығы жоғары жаңа автобус маршруттарын іске қосамыз. Жаңа маршруттар әлеуметтік нысандарға да апармақ.

Былтыр 173 көшені асфальттадық, оның 100-ден астамы – елді мекендерде. Биыл да бұл жұмысты жалғастырамыз.

Үшінші. Су тасқынына қарсы іс-шараларды күшейту
Биылғы қысқы маусымда топырақтың қату тереңдігі өткен маусымның ұқсас кезеңіне қарағанда көп екенін ескере отырып, қарды жинау және шығару жұмыстары жалғасып жатыр. Елді мекендерге ерекше назар аударуды тапсырдым. Бұдан басқа, арық-науа желілерін, тазарту құрылыстарын тазалау, сондай-ақ Есіл өзенінің арнасын қайта жаңарту және кеңейту: түбін тереңдету, жағалауды нығайту және бөгет салу жөніндегі жұмыстарды жүйелі негізде жалғастыру қажет.

Төртінші. Аулалар мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру

Былтыр 76 гектардан астам аумақ абаттандырылды: бұл – 150-ден астам аула мен 60 қоғамдық кеңістік (саябақтар, скверлер, бульварлар). Биыл бұл жұмыс қарқынды түрде жалғасады. Бос жатқан жерлер, қараусыз, иесіз қалған учаскелер, батпақты жерлерге баса назар аударыла бермек. Осылайша аудан тұрғындары үшін таза ауада пайдалы уақыт өткізуге жағдай жасаймыз.

Бесінші. Жаппай көгалдандыру

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сәуір-мамыр айларында қаланың барлық аудандарын жаппай көгалдандыруға кірісеміз. Бұл экологияны жақсартуға, қосымша қоғамдық кеңістік құруға мүмкіндік береді», – деп жазды елорда әкімі.

Back to top button