BasNewsЖаңалықтарСараптама

Әлеуметтік саясаттың басымдығы – азаматтарды үймен қамтамасыз ету

Урбанистердің пікірінше, 2050 жылға қарай әлем түбегейлі өзгереді және бұл жерде урбанизация шешуші роль атқарады. Алдымыздағы онжылдықтарда экономикалық өсімнің 70%-ын қалалар қамтамасыз ететін болады. Әлемдік деңгейдегі қалалар әлеуметтік дамудың және технологиялық инновация орталықтарына айналады. Қазақстандаға да әлемдік дамыған ТОП-30-ға кіру үшін бәсекеге қабілетті бірнеше ірі қаланы дамыту қажет болады. Қазіргі кезде дамыған елдерде урбанизация деңгейі 80 %-ды құраса, елімізде бұл көрсеткіш 59%-ды құрайды. Елімізде қалалықтардың үлесі жыл сайын ұлғайып келе жатқандықтан, тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі өте өткір тұр.

2019 жылдың қыркүйек айында Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарын пайдалануы туралы мәселені пысықтауды тапсырған болатын. Жинақтарды пайдаланудың мысалы ретінде Президент тұрғын үй сатып алу мен білім алуды атаған еді. Сол кезде Үкімет 200 мың адам зейнетақы жинақтарын тұрғын үй сатып алуға пайдалана алатын нормалар әзірлеген. Тоқаев «алғашқы қадам жасалғанын», бірақ бұл азаматтар қатарын кеңейту қажеттігін айтты.

Үкіметті қалыптастырып отырған жетекші «Nur Otan» партиясы да азаматтардың әлеуметтік жағдайын үнемі басты назарда ұстап келеді. 2019 жылы партия қабылдаған «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты 2030 жылға бағдарламасында 6 мақсат «Азаматтардың жайлы өмір сүруі үшін жағдай жасау» деп аталады. Осы мақсатта барлық адамдардың жайлы өмір сүруге құқығы бар. Адамдар таза су мен ауаға қол жеткізбейінше, сапалы жолдар мен лайықты тұрғын үй болмайынша, азаматтардың әл-ауқатының өсуі туралы айта алмаймыз делінген.

Осы мақсатты орындау үшін «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасында 2021 жылдан бастап азаматтар өзінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй алуға, денсаулығын жақсартуға пайдалана алатынын жариялаған болатын. Бүгінгі күні осы берілген уәделердің орындалғанына көз жеткізіп отырмыз.

ҚР Парламенті депутаттары зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мақсатты қажеттіліктерге пайдалануды қарастыратын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдаған болатын. Заңға сәйкес, қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін:

  • тұрғын үй жағдайларын жақсартуға;
  • қымбат тұратын емделу ақысын төлеуге;
  • жеке басқарушы компанияларға басқаруға беруге пайдалану құқығы берілген болатын.

Бүгінгі күнде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған зейнетақы жинақтарын пайдалану жөніндегі бастамаларын орындау аясында 16 075 қарыз алушы бұған дейін банктерден тұрғын үйлері үшін алған жалпы сомасы 62 миллиард 41 миллион теңге ипотекалық қарызын толық өтеді. Бұл дегеніміз 16 мыңнан астам отбасы ипоткелық қарыздан құтылды деген сөз.

Сонымен бірге, 47 133 қарыз алушы жалпы сомасы 144 миллиард 53 миллион теңге болатын тұрғын үй ипотекалық қарыздарының бір бөлігін өтеу үшін біржолғы зейнетақы төлем жүйесін пайдаланды. 8 889 қарыз алушы банктерден жалпы сомасы 150 миллиард 361 миллион теңге болатын тұрғын үй ипотекалық қарыздарын алу үшін алғашқы жарна ретінде біржолғы зейнетақы төлемі қаражатын пайдаланды.

Жалпы айтқанда 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 700 мың қазақстандық БЗЖҚ-ғы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделу ақысын төлеуге және басқарушы компанияларға басқаруға беруге пайдалану құқығына ие болды.

2021 жылдың 17 маусымындағы жағдай бойынша БЖЗҚ 322 046 салымшының зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін пайдалануға берген 323 361 өтінішін орындаған. Уәкілетті оператор – банктерде ашылған қазақстандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 1,5 трлн теңгеден аса қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – шамамен 4,6 млн теңгені құрады.

Орындалған өтініштердің ең көбі:

  • Алматы қаласы (16,4%);
  • Маңғыстау облысы (16,01%);
  • Нұр-Сұлтан қаласының (12,96%) тұрғындары тарапынан жолданған.

Бұған қоса БЖЗҚ-ға емделуге барлығы 15 450 өтініш түскен, оның ішінде 10 836 өтініш берушінің 10,4 млрд теңгеге 11 027 өтініші орындалды, орташа сома – шамамен 1 млн теңгені құраған.

Мемлекет тарапынан зейнетақы қорындағы жинақтардың бір бөлігін қолдануды көздеген қадамдар бірнеше міндетті шешуге бағытталған:

  • ең алдымен, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға. Ақша құнының құнсыздануы, пандемияға байланысты қиындықтар тұрмыс жағдайына тікелей және жанама әсер еткендіктен бұл шараның халықты қолдауға негізделген;
  • зейнетақы қорында жинақталған қаражаттың қауіпсіздігіне және оның тиімді пайдалануына байланысты көп сұрақтар туындаған болатын. Азаматтар тарапынан қойылатын бұл сұрақтардың орынды екенін ескеру керек. Бұл қаражат ешкімнің емес осы азаматтардың тапқан табысының бір бөлігі. Енді осы қаражаттың бір бөлігін пайдалану адамдардың өз еңбегі жемісін көру арқылы жинақтауға деген сенімділікті және қаражатты жинақтауға деген құлшынысын көтермелейді.

Біріккен Ұлттар Ұйымының жіктемесі бойынша адам өмір сүру индекстерінің бірі – тұрғын жаймен қамтамасыз етілуі. Яғни, әлем елдеріндегі тұрғындардың өмір сапасын өлшейтін көрсеткіштердің бірі – әркімнің тұрғын үймен қамтамасыз етілуі. «Тұрғын үйге қолжетімділік коэффициенті» – тұрғын үй құнының үй шаруашылығының бір жылдағы кірісінің мөлшеріне қатынасы ретінде есептеледі.

Бүгінде елімізде тұрғын үй кезегінде 530 мыңнан астам азамат тұр. Мысалға, Қарағанды облысының өзінде мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезегінде тұрған 34,7 мың азамат бар. Тұрғын үй қорының мерзімі ескіргені байқалады: қолда бар тұрғын үйдің небәрі 16% – ы кейінгі 30 жылда салынған.

Осы кезде ескеретіні «Nur Otan» партиясының аймақтық сайлауалды бағдарамасына сәйкес облыста 2025 жылға дейін 30 мың пәтер салу жоспарланған. Бұл 30 мың отбасы пәтермен қамтамасыз етіледі деген сөз.
Осы жылы мамыр айында өткізілген «Nur Otan» партиясы жанында жаңадан құрылған Жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында бастапқы жарна мөлшерін өзгерту және көп балалы отбасылар, жетім балалар және ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін жеңілдетілген ипотека мәселері қарастырылған болатын.

Партияның баспасөз қызметінің мәліметінше, Nur Otan сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы аясында биыл елімізде 17 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған, оның 2,5 млн-ы халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған. 2021 жылдың төрт айында 3,5 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 28,9 мың пәтер пайдалануға берілген екен.

Кезекте тұрған 530 мың азаматтың 185 мыңының табысы отбасы мүшесіне шаққанда бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен.

«Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету көлемі жылына шамамен 10 мың пәтерді құрайды, проблеманы шешудің көкжиегі 20 жылға жуық. Сондықтан ақшаны әкімдіктер үйлердің құрылысына емес, жеке инвестицияларды тарту үшін коммерциялық компанияларды субсидиялауға бағыттады. Жыл сайын 37 мың пәтерді тапсырамыз және 5 жыл ішінде барлық аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге тырысамыз» деп, осы жиында Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев атап өткен болытын.

Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында 2025 жылға қарай 1 млн-ға жуық отбасы үшін, оның ішінде 284 мың көп балалы және кедейлік шегінен төмен отбасылар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен жетім балалар үшін 103 млн шаршы метр тұрғын үй енгізу міндеті тұр.

Партия азаматтардың тұрғын жай жағдайын қамтамасыз етуді басымдық деп қарастырып отырғаны қуантады. Numbeo ресурсының зерттеулеріне сәйкес, әлем елдері ішінде тұрғын-үйдің шаршы метр құны бойынша Қазақстан 954 доллармен 100 орында жайғасқан. Бұл еліміздегі пәтер құнының өсе түсетінін байқатады. Осыған байланысты халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламаларының жүзеге асуы әрқашан өзекті болмақ.

«Біздің басты міндетіміз – әрбір азаматтың өмір сүру сапасын арттыру. Сондықтан мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді орындауға ерекше мән береді. Осы мақсатта қарқынды тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету үшін көптеген жеңілдіктер енгізілуде. Адамдардың қарапайым тұтынудан жинақтауға көшу қажеттігін түсіну маңызды», – деп Мемлекет басшысы өте орында айтқан болатын.

«Отбасы банктің» мәліметтері бойынша азаматтар осы банкте 1 603 935 депозит ашқан. Тұрғындардың экономикалық белсенді бөлігінің 18,7 %-ы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысады. Әрбір қазақстандықтың баспаналы болуы – мемлекеттің әлеуметтік саясатының ең басты мақсаттарының бірі.

Елдос Жұмағұлов, саясаттанушы

Back to top button