BasNewsЖаңалықтар

Павлодар облысындағы қарттар үйінен өрт шықты

Ақсуда қарттар үйінен түтін салдарынан 60 адам эвакуацияланды, – деп хабарлайды Basnews.kz.

Мекеменің бір палатасында матрац өртеніп, арты көк түтінге айналған. Нәтижесінде қарттардың бірі ауруханаға жатқызылды.

Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметі мәліметінше, 23 қыркүйекте сағат 18.39-да Ақсу қарттар мен мүгедектерге арналған арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.

«Екінші корпустың бесінші қабатындағы №14 палатада төрт шаршы метр алаңда матрац бықсыған. Нәтижесінде қатты түтін пайда болған. Өрт сөндірушілер баспалдақпен 4 және 5 қабаттан 60 адамды эвакуациялады», – деді ТЖД баспасөз қызметі өкілдері.

Ведомство мәліметінше, эвакуацияланғандар арасында ғимараттан біреудің көмегінсіз шыға алмайтын науқастар болған.

«Газ-түтіннен қорғау қызметінің буыны бесінші қабаттағы палата терезесіне құрастырылған қол оқпанын берді. Өрт сөндіру бөлімшелері келгенге дейін орталық қызметкерлері 1937 жылы туған зардап шегушіні эвакуациялады», – деді ведомство өкілі.

Ер адам Ақсу орталық ауруханасына жатқызылды. Жарты сағаттан кейін қарттар үйіндегі өрт толығымен жойылды.

«Өрт төсекте темекі шеккеннен басталған. Адам шығыны жоқ», – деді облыстық ТЖД баспасөз қызметі өкілдері.

Басқа жаңалықтар

Back to top button