BasNewsЖаңалықтар

Саранда шағын аудан қайта жандануда

Қарағанды облысының Саран қаласында шина зауыты салынуда. Өндірістік цехтың бас корпусы салына бастады. Өнеркәсіптік алаңның дамуы индустриялық аймақ орналасқан РТБ шағын ауданына да оң әсерін тигізеді. Онда көп қабатты үйлер қалпына келтіріліп, модульдік қазандық салынуда және заманауи балабақша пайда болады.

Шина зауытын іске қосу 2022 жылдың соңына жоспарланған. Кәсіпорында жылына 3,5 млн шина шығарады. Олар Қазақстанда шығарылатын автомобильдерді жиынтықтауға, қайталама нарыққа, сондай-ақ таяу шет елдерге экспортқа жіберілетін болады. Мыңнан астам жергілікті тұрғын зауытта жұмысқа орналасады.

Қызметкерлерді оқыту үшін Ресейдің Нижнекамск қаласында жұмыс істейтін шина зауытында тағылымдама ұйымдастырылды. Оқу кезінде жұмыс беруші болашақ мамандарға жалақы төлейді, сондай-ақ жол және қонақ үйде тұру бойынша шығындарды өз мойнына алады. Зауыт іске қосылғанға дейін шамамен 500 адам оқудан және қайта даярлаудан өтеді.

Айта кету керек, РТБ индустриялық алаңында автобустар шығаратын зауыт жұмыс істеп жатыр. Тағы бір жаңа кәсіпорынды іске қосу моноқаланың дамуына серпін береді.

Шағын аудандағы өнеркәсіптік аймақты жандандырумен қатар, 90-шы жылдардағы қараусыз қалған үйлер қалпына келтірілуде. Соның ішінде жөндеу жұмыстары жергілікті кәсіпорындар есебінен де жүргізіледі.

– Өткен жылы біз екі үйді жөндедік, олар қазірдің өзінде қоныстандырылды. Пәтерлер кезекте тұрғандарға таратылды. Төрт үй өнеркәсіптік кәсіпорындардың қаражаты есебінен қалпына келтіріледі, олар жөнделген пәтерлерді өз қызметкерлеріне дайындайды. Осы және келесі жылдары 10 үйді жөндеуді жоспарлап отырмыз, – деді Саран қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Құрмет Шайкенов.

Саран қаласында тұрғын үй кезегінде мыңға жуық адам тұр. РТБ-дегі үйлерді қалпына келтіру кезекте тұрғандар санын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.

Бастауыш сынып мұғалімі Алмагүл Күленбаева өз кезегін 10 жыл күтті. Ол қалпына келтірілген үйлердің бірінен пәтер алып, қоныс тойын тойлады.

– Мен өте ризамын. Менің бір бөлмелі пәтерім бар. Ол жылы және жарық. Шағын аудан қайта жанданады, жақын жерде үйлер де қалпына келтірілуде. Автобустар әр жарты сағат сайын жүреді, аула керемет, – дейді Алмагүл.

Сондай-ақ, шағын ауданда үш ауланы абаттандыру басталды, жолдар жөнделді, тротуарлар жабдықталды және жарықдиодты шамдары бар 77 жарықтандыру тіректері орнатылды. Бұдан басқа, елді мекенде модульдік қазандықтың құрылысы басталды, ол РТБ үйлерін орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етеді.

– Мұнда мектеп бар, келесі жылы жеке инвестициялар есебінен жаңа балабақша салу жоспарлануда, – деп атап өтті Құрмет Шайкенов.

Back to top button