Нұр-Сұлтанда екі автобус соқтығысып, жолаушылар зардап шеккен

Нұр-Сұлтанда жолаушылар автобусы қарсы жолаққа шығып кетіп, басқа автобуспен соқтығысты, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
CTS көлік компаниясының баспасөз қызметі мәліметінше, жол апаты 26 қарашада сағат 10.50-де Байсейітова көшесінің бойында Шақпақ аялдамасы маңында болған.
«№20 бағыттағы автобус жүргізушісі рөлді басқара алмай, қарсы жолаққа шығып кетіп, нәтижесінде №39 бағыттағы автобуспен соқтығысқан.
Оқиға орнына келген полиция қызметкері №20 автобус жүргізушісіне хаттама толтырды, іс материалдары процессуалдық шешім қабылдау үшін анықтау бөліміне жіберіледі. Жүргізуші жол қозғалысы ережесін бұзу деректерін тіркеу журналында көрсетілмеген, жолаушылар көлігін жүргізу бойынша 5 жылдық тәжірибесі бар. Рейс алдындағы медициналық тексеруден өту уақыты – 6.00, желіге шығуға рұқсаты бар», – деді CTS өкілі.
Компания мәліметінше, 1961 және 1954 жылы туған екі жолаушы әйел дене жарақатымен ауруханаға жеткізілген.
Жүргізушілерді автопарк басшылығы жұмыстан шеттетіп, іс тәртіптік кеңеске жіберілетіні айтылды.


