Руслан Жақсылықов қорғаныс министрі болып тағайындалды
Руслан Жақсылықов қорғаныс министрі лауазымына тағайындалды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
«Руслан Фатихұлы Жақсылықов Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі лауазымына тағайындалсын. Мемлекет басшысының өкімімен Руслан Фатихұлы Жақсылықов Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның бас қолбасшысы лауазымынан босатылды», – делінген жарлықта.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жарлығы бойынша, Мұрат Кәрібайұлы Бектанов Қазақстан Республикасының қорғаныс министрі лауазымынан босатылды.
Руслан Фатихұлы Жақсылықов 1966 жылы 4 наурызда Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласында дүниеге келген. И.С.Конев атындағы Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін, М.В.Фрунзе атындағы Әскери академиясын, Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабының Әскери академиясының Жоғары академиялық курстарын бітірген.
1987-2006 жылдары – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлерінің взвод командирінен әскер құрамасының командиріне дейінгі дәрежеге жетті.
2006-2007 жылдары – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлер қолбасшысының орынбасары.
2007-2008 жылдары – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлер қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы қызметтерін атқарған.
2008 жылдың қыркүйегінен 2013 жылғы қаңтарға дейін ҚР Ішкі істер министрлігінің қолбасшысы.
2013 жылғы қаңтардан Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлер бас қолбасшысы.
2014 жылдың сәуір айынан ҚР Ұлттық ұланның бас қолбасшысы болып тағайындалды. Генерал-лейтенант.



