Атырауда 52 жастағы әйел тұңғышын босанды
Атырауда 52 жастағы әйел жасанды ұрықтандыру жолымен тұңғыш баласын дүниеге әкелді, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Атырау облысының өңірлік коммуникациялар қызметі Facebook парақшасында хабарлады.
«Атырау облыстық перинаталдық орталығында 19 қаңтар күні білікті дәрігерлердің қатысуымен аяғы ауыр әйелге ота сәтті жасалды. Салмағы 3 келі, 70 грамм болатын ер бала дүниеге келді. Бойы – 51 см. Жүкті әйел орталыққа қағанақ суы кетіп келгендіктен, ота шұғыл түрде жасалды. Қазіргі таңда ана мен сәбидің жағдайы жақсы», – делінген перинаталдық орталықтың баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Қазіргі уақытта анасы мен баласының жағдайы жақсы, үйге шығарылған. Облыстық перинаталдық орталықтың баспасөз қызметіндегілер әйелдің ұзақ уақыт бойы табиғи жолмен бала көтере алмағанын атап өтті. Жасанды ұрықтандырудың арқасында ол жүкті болып, көптен күткен перзентін бауырына басты.



