Ұлытау ауданында кезекте тұрғандар үшін төрт көппәтерлі үй салынады

Биылғы жылдың екінші жартыжылдығында Ұлытау ауылында 48 пәтерлік екі қабатты төрт үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Тұрғын үй кезекте тұрғандар қатарындағы әлеуметтік осал топтағы отбасыларға бөлінетін болады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Өткен жылдың желтоқсан айында Ұлытауда көп балалы отбасыларға тұрғын үй сатып алуға және бөлуге арналған үш қабатты 24 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ, жеке құрылыс салушылар екі қабатты сегіз және он алты пәтерлі төрт тұрғын үй салу бойынша жобаны іске асыруда. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифингте Ұлытау ауданының әкімі Советбек Медебаев мәлім етті.

– Тұрғын үйлердегі осы 48 пәтерді мұқтаждарға сатып алу және бөлу жоспарлануда. Өткен жылы пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы 13 162 шаршы метрді құрады, – деп атап өтті Советбек Медебаев.
Сондай-ақ, спикер ұзындығы 420 шақырымнан асатын Қызылорда мен Жезқазған арасындағы автожолды қайта жөндеу қажеттігіне тоқталды.
– Жолды жөндеу Ұлытау – Жезқазған өңірі үшін, атап айтқанда біздің аудан үшін үлкен маңызға ие, – деп атап өтті Советбек Медебаев. – Автожолды қайта жаңартуды қаржыландыру үшін Азия Даму Банкі мен Еуропа Қайта Құру және даму банкінің қарыз қаражаты тартылды. Үкімет келісіміне сәйкес биыл күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Жөнделген жол туризмді дамытуға септігін тигізеді.



