Қарағандылықтар облыс әкімі Жеңіс Қасымбекке өз мәселелерімен жүгінді

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек азаматтарды жеке мәселелері бойынша онлайн-қабылдау өткізді. Тұрғындар әлеуметтік мәселелерді шешуде, бизнес пен денсаулық сақтау саласында көмек сұрады. Мәселелерді жедел шешу үшін қабылдауға қалалар, аудандар және бейінді ведомство басшылары да қатысты, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Мысалы, Қарағанды қаласының тұрғыны Гаухар Мансұрова тұрғын үй мәселесін шешуге қатысты көмек сұрады. Ол баласын жалғыз өзі тәрбиелейді, денсаулығына байланысты проблемалары бар. Әйел баспана алуға кезекте тұр, бірақ ол баяу қозғалуда. Жеңіс Қасымбек оның проблемасын шешуге Қарағанды әкімі мен денсаулық сақтау басшысын тартты.
Екі адам қаланың ірі кәсіпорындарына жұмысқа орналасуға өтініш білдірді. Мәселе бірден «Қазақмыс» пен «АрселорМиттал Теміртау» басшылығының бақылауына алынды.
Кәсіпкер Роза Мұқанова сегіз жылдан бері былғары бұйымдарды қалпына келтірумен айналысып келеді. Қазір жұмыста қиындықтар барын айтты. Онымен бірге үш саңырау жұмысшы жұмыс істейді. Кәсіпкердің айтуынша, қолдау сұрайтын басқа жері қалмаған. Жалға алушылар үй-жай үшін төлемді төмендетті, бірақ өз ісін дамытуға қаражат әлі де жетіспейді.
– Көмек көрсету керек, – деді облыс әкімі қол астындағыларға. – Бізде кәсіпкерлікті қолдау үшін түрлі гранттар бар, біз шетте қалмауымыз керек. Міндетті түрде мәселені шешу қажет. Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаеваға бұл мәселені пысықтауды тапсырамын.
Бұқар Жырау ауданы Ростовка ауылының бастамашыл тобының өкілі жайылымдардың жетіспеушілігіне байланысты проблемалар туралы айтып берді. Көптеген жерлер жеке меншікте, сондықтан жергілікті билік бұл мәселені шеше алмайды. Сонымен қатар, тұрғындар мектеп-интернаттың сапасыз абаттандырылуына назар аударды.
Көрші Қызылжар ауылының 900 тұрғыны медпункт, спорт залы, интернеттің жоқтығына шағымданды. Ауыл тұрғындарында сонымен бірге ауыз суға қатысты да проблемалары бар. Бұқар Жырау ауданының әкімі Сержан Аймақовтың айтуынша, барлық мәселелер шешілетін болады. Суға келетін болсақ, су құбыры желілеріне жөндеу жүргізілуде. Мамыр айында жұмыстар аяқталады.
Жеңіс Қасымбек барлық мәселелерді шешуді және олар бойынша оңтайлы шешім табуды тапсырды.
Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау әр айдың соңғы жұмасында өтеді. Әкімнің қабылдауына (8-7212) 50-15-28, іш. 6713 телефон нөмірі, kar.obl@krg.gov.kz электрондық пошта арқылы және Әлиханов көшесі, 13 мекенжайы бойынша өтініштер бөлімінде жазылуға болады.



