Qazaq Air әуекомпаниясы Ресейге рейстерін тоқтатты
QAZAQ AIR авиакомпаниясы Ресейге барлық рейстерін тоқтатты, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
«QAZAQ AIR авиакомпаниясы сақтандыру ұйымынан Ресей территориясында және оның әуе кеңістігінде сақтандыру өтелімі жүргізілмейтіні туралы хабарлама алды. Аталған жағдайға байланысты авиакомпания Ресей территориясы әуесінде сақтандыру өтелімі туралы мәселе шешімін таппайынша Ресейге авиарейстерді орындауға қауқарсыз. Осы себепті Новосибирскіге бүгінгі (12 наурыз) рейс орындалмайды», – деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.
Жолаушыларға билет құны толық қайтарылуда. Билеттерді қайтару сатып алған жерлері бойынша жүзеге асырылып жатыр. Егер ұшу құжаты авиакомпанияда сатып алынған болса, info@flyqazaq.com электронды поштасына хабарласу қажеттігі айтылды.
«Алдағы күндері кестеде болуы мүмкін өзгерістер туралы жолаушыларды хабардар етіп отырамыз. QAZAQ AIR авиакомпаниясы ұшулар қауіпсіздігі бойынша қазақстандық және халықаралық стандарттардың барлық талабын орындап отыр», – деді компанияның баспасөз қызметінен.
Еске салайық, 11 наурыз күні Air Astana компаниясы Ресейге ұшатын барлық рейсті тоқтатты.


