BasNewsЖаңалықтар

Түркістан облысында сумен күрес жалғасуда

2022 жылдың 11 наурызы мен 16 наурызы аралығында жаңбыр түріндегі толассыз жауын-шашын салдарынан Жетісай және Мақтаарал аудандарында жыл сайынғы орташа жылдық нормадан 161% асатын маусымдық жаңбыр жауған. Салдарынан соңғы 5 күнде жаңбыр суынан көшелер мен аулаларды су басып, жер асты суларының деңгейі көтерілуі байқалды,  – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Соңғы үш күнде тоқтаусыз жауған жаңбырдан кейін Түркістан облысы Мақтаарал ауданының 32 елді мекенінде және 2 кентінде 72 тұрғын үй ауласына су кірген.

Төтенше жағдайға байланысты 170 қызметкер, 60 бірлік мотопомпалар және 44 арнайы техника жұмылдырылды. Қазіргі таңда 241 аулалық аумақтан 35 119 текше метр су сорып шығарылды.

Жетісай ауданы Қоғалы ауылы автожолының бойында «Қоғалы» қорғаныс бөгетін нығайту бойынша жұмыстар, инертті материалмен арықтарды және каналдарды тазарту жұмыстары жүргізілуде.

Мақтаарал ауданы, Өркен елді мекенінде жауын- шашын салдарынан 1 тұрғын үй құлады. Зардап шеккендер жоқ.

Қолбаевтар отбасы сол аулада 2020 жылы өздері салған 2 бөлмелі үйде тұрады. Ал қабырғасы құлаған олардың ескі үйі 1970 жылы саман кірпіштен салынған, қазір онда ешкім тұрмайды.

Мақтаарал ауданы әкімдігі жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның шешімімен жауыннан құлаған тұрғын үйге 2020 жылы бұл отбасына мемлекет тарапынан қаржылай көмек берілген.

Жауған нөсерден аудандағы егістік алқаптары зардап шеккен жоқ.

Жағдай жергілікті атқарушы органдардың және төтенше жағдайлар бөлімінің қатаң бақылауында.

Басқа жаңалықтар

Back to top button