Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп, есірткі тасымалдаған шетелдіктер ұсталды
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстанның мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткен және есірткі контрабандасы үшін сотталған шетелдіктер туралы ақпарат жариялады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
2021 жылғы қазанда Шекара қызметі мен ҰҚК Маңғыстау облысы бойынша департаменті Каспий теңізі су айлағындағы бірлескен іс-шаралар барысында Қазақстанның мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өткені үшін ішінде екі шетел азаматы бар «Амур» типті шағын кемені ұстады. Жүзу құралын тексеру барысында салмағы 14 кг «апиын», 8 кг «гашиш» және «метадон» психотроптық затының 29 пластинасы табылып, тәркіленді, – дейді ҰҚК.
2021 жылғы желтоқсанда ұсталғандардың бірі 392-баптың 1-бөлігі (Қазақстанның мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту) бойынша кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге Қазақстан шегінен шығарумен 6 айға бас бостандығынан айырылды.
2022 жылғы 10 наурызда мамандандырылған ауданаралық сот екінші шетелдік азаматты қылмыстық кодекстің 286-бабы 4-бөлігі (айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы), 297-бабы 3-бөлігі 1, 3-тармақтары (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) және 392-бабы 1-бөлігі (Қазақстанның мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту) бойынша кінәлі деп таныды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеумен 17 жылға бас бостандығынан айырылды.



