Қарағанды облысында үш жасар баланы ит талап өлтірді

Қарағанды облысында екі баланы ит қауып, зардап шеккендердің бірі қайтыс болды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі аймақтық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында ит 3 және 5 жастағы екі балаға шабуыл жасады. Олардың бірі ауруханада қайтыс болды. Оқиға 1 сәуірде болған. Бұл туралы ақпарат Ақтоғай аудандық полиция бөліміне сағат 19.00-де түскен. Ақтоғай ауылында ит шабуылынан зардап шеккен 3 және 5 жастағы екі бала медициналық мекемеге жеткізілген.
«Полицейлер жекеменшік үйдің ауласында ойнап жүрген 3 және 5 жастағы екі ұл балаға ит шабуыл жасағанын анықтады. Зардап шеккен балалар медициналық мекемеге жеткізіліп, 3 жасар бала алған жарақаттарынан қайтыс болды. Екінші бала ауруханаға жатқызылды», – деді Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметі өкілдері.
Қазір бұл факт бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.