Түркістан облысында өрттен екі бала қайтыс болды

Түркістан облысында жеке үйлердің бірінде өрт шығып, салдарынан екі бала көз жұмды. Қайғылы жағдай Сауран ауданына қарасты Бабайқорған ауылында болған, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі өңірлік ТДЖ-ға сілтеме жасап.
ТЖД мәліметінше, өрт салдарынан ауданы 255 шаршы метр болатын екі қабатты тұрғын үй толығымен жанып кеткен.
Одан бөлек бірінші қабаттың 60 шаршы метр төбесі опырылып түскен.
Сондай-ақ оқиға орнынан 2007 және 2009 жылы туған екі жасөспірімнің денесі табылған.
«Өрт салдарынан бірінші қабаттың аумағы 60 шаршы метр болатын шатыры мен төбесі опырылған (екі қабатты үй, шатыры профнастил, қосеңісті, қабырғасы саз балшықтан). Өрт орнынан екі баланың (2007 және 2009 жылы туған) күйіп кеткен мәйіті табылды», – деді Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Куәгерлердің айтуынша, өрт екі мәйіт табылған ас ішетін бөлмеден шыққан.