Қазақстанда теле-радиоарналардың жұмысы уақытша тоқтатылады
«2022 жылдың 20 сәуірде сағат 03:00 мен 17:00 аралығында (Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен) жерсеріктік, цифрлық және аналогты эфирлік желілердің техникалық құралдарындағы сервистер жабылып, жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. Осыған байланысты, яғни жұмыстар жүргізілген кезде Қазақстанның барлық аумағында телерадиоарналарды ретрансляциялау уақытша тоқтатылады», – деп мәлімдеді «Қазтелерадио» АҚ баспасөз қызметі.
Айта кетсек, «Қазтелерадио» АҚ тоқсан сайын жерсеріктік және эфирлік желілердің техникалық құралдарында сервистерді жаба отырып, жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Бұл жұмыстар телерадио хабарларын сапалы таратуды қамтамасыз ету үшін қажет, ал тоқсан сайынғы жоспарлы-профилактикалық жұмыстар сервисті ұзақ уақыт өшіруге мүмкіндік береді, сондықтан осы уақыт ішінде техникалық құралдарды жаңғырту бойынша қосымша жұмыстар да жүзеге асырылады.
«Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім өтінеміз», – делінген ресми хабарламада.