Мемлекеттік меншікке тағы бірнеше кәсіпорын қайтарылады

Мемлекеттік меншікке тағы бірнеше кәсіпорын қайтарылады. Қазақстан Үкіметі республикалық меншіктің кейбір мәселелері туралы қаулы қабылдады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
«Көліктік сервис орталығы» акционерлік қоғамының (КСО) акциялары пакетінің 100 пайызын сыйға тарту шарты бойынша республикалық меншікке беру туралы «Темір Триумф» ЖШС-нің ұсынысы қабылдансын», – делінген Қаулы мәтінінде.
«КСО» АҚ Қазақстандағы 400-ден астам теміржол кірме жолдарының теңгерім ұстаушысы.
Сондай-ақ, сыйға тарту шарты бойынша «Integrity Solutions» ЖШС ақпараттық-коммуникациялық салада қызмет көрсететін «Soft Art» ЖШС жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің 50 пайызын республикалық меншікке беретіні айтылған.
Қаулыға сәйкес, «Bridge capital investments limited» жеке компаниясы мемлекетке тау-кен және өңдеу өнеркәсібі салаларында жұмыс істейтін «Акмолит» ЖШС, «Мархит» ЖШС, «Топаз-НС» ЖШС жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестерінің 100 пайызын береді.
«КСО» АҚ акциялары және аталған серіктестіктердің жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестері «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының орналастырылатын акцияларына төлеуге беріледі, делінген қаулыда.
Қаулы қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.