BasNewsЖаңалықтар

Кәсіпкерлерге 3 айға несие жеңілдігі берілді

Банктер мен микроқаржы ұйымдары қаржылық жағдайы нашарлаған кәсіпкерлер үшін қарыз төлемін 90 күнге дейін шегеруі тиіс. Мұндай жеңілдік туралы Үкімет отырысында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова айтып берді, деп хабарлайды BasNews.kz.

«ҚР банктер және банк қызметі туралы заңының 34-бабының 3-тармағына және микроқаржылық қызмет туралы ҚР заңының 3-бабының 6-тармағына сәйкес кредиторлар шарт талаптарын қарыз алушы үшін жақсартқан жағдайда оларды біржақты тәртіппен өзгертуге құқылы. Осыған орай банктер және микроқаржылық ұйымдар төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қаржылық жағдайы нашарлаған жеке кәсіпкерлер мен ШОБ субъектілеріне негізгі борыш пен сыйақыны қоса алғанда төлем мерзімін 90 күнге дейінгі мерзімге кейінге қалдыру жұмысын жүргізуі тиіс», – деді Мадина Әбілқасымова Үкімет отырысында.

Агенттік төрағасының айтуынша, банктер мен несие нарығының басқа да субъектілері аталған шараларды халық пен бизнеске қолайлы болуы үшін барынша қашықтан қатынас жасау арқылы іске асырады. Осылайша қарыз алушылармен өзара іс-қимыл жасаудың тәртібі мен тетіктері айқындалады.

Мәдина Әбілқасымова сондай-ақ, банкте кредиті және ломбардта қарызы бар азаматтарға қандай жеңілдіктер жасалатынын мәлімдеді.

«Кепілсіз тұтынушылық несиенің шамадан тыс өсуіне жол бермеу бойынша тапсырманы іске асыру үшін мынадай шаралар көзделеді: төтенше жағдай кезеңінде және тұлғалардың барлық кепілсіз тұтынушылық қарызы бойынша 90 күн өткен кезде сыйақы есептеуге тыйым салынады. Бұдан ары аталған шара заңнамалық негізде енгізіледі. Жеке тұлғалардың несие тарихын қалпына келтіру үшін 50 пайыздан астам мерзімі өткен берешекті 12 айда өтеген және міндеттемелерді кейіннен орындаған жағдайда қарыз алушы үшін жағымсыз несие тарихын түзету бойынша мүмкіндік көзделеді», – деді ол.

Агенттік басшысы халық және бизнес үшін борыш өтемесінің өсуіне жол бермеу бағытындағы шараларды да айтып өтті. Оның айтуынша Қазақстанда төтенше жағдай енгізіліп, экономиканың жекелеген салаларына шектеу шараларының енгізілуіне байланысты халық пен ШОБ субъектілерінің қаржылық жай-күйінің нашарлауына жол бермеу үшін қосымша шаралар қабылдау қажет. Агенттік Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығымен, екінші деңгейлі банктермен және несие нарығындағы басқа да субъектілермен бірлесіп, мынадай шараларды пысықтап, қолданбақ.

«Біріншіден ҚР Азаматтық кодексінің 359-бабына сәйкес несие бойынша міндеттемесін орындамаған қарыз алушы аса күрделі, яғни төтенше және тойтаруға болмайтын мән-жайларға тап болған кезде мүліктік жауапкершілікті атқармайды. Мұндай жағдайға төтенше жағдай режімінің енгізілуі де жатады. Соған байланысты жеке және заңды тұлғалардың қарыздары мен микронесиелері бойынша төлемдер мерзімінің өтуі төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты туындаған кезде – айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмеуі тиіс. Бұл норма жеке және заңды тұлғаларға, банктер ғана емес ломбардтарды және несиелік серіктестіктерді, қарыз беретін барлық кредиторды қоса алғанда барлық микроқаржы ұйымдары берген қарыздарға қолданылады», – деді ол.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button