Бақытжан Сағынтаев Алматыда карантин енгізудің себептерін атады

Алматыда карантин режимінің енгізілуіне байланысты қала әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрғындарға үндеу жариялады, деп хабарлайды BasNews.kz.
«Құрметті, алматылықтар! Тұрғындар үшін жылдам артып келе жатқан қауіп бізді жылдам шешім шығаруға мәжбүр етуде. Сондықтан мен Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияға қалада карантин енгізу туралы ұсыныс енгіздім. Бұл шешім 1 сағат бұрын қабылданды. Қалада карантин 19 наурызда түнгі сағат 00:00-де енгізіледі. Алматыдағы карантиннің басты мақсаты – инфекцияның тез таралуын тоқтату. Міндет – қаланың сыртқы периметрінде инфекцияның таралмауын қолға алу және қатаң карантин арқылы инфекцияның таралу жолдарын тоқтату, үй карантині және өзін-өзі оқшаулау механизмі арқылы эпидемияға қарсы ауқымды іс шараларды жүргізу», – деді Бақытжан Сағынтаев.
Қаланың шекарасын күзетуге 27 бекет орнатылмақ.
«Азаматтар мен автокөлік құралдарын Алматыға кіріп шығуын шектеу үшін Алматыға кіреберістерде 27 блок бекеті орнатылады. Блок бекеттерінде полиция патрульдік полкінің, Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық гвардия бөлімшелерінің күштері жұмылдырылады», – деді әкім.
Сонымен қатар, қала әкімі қалада тротуарларды жуу және дезинфекциялау арқылы жұқтыру орындарын бұғаттауды қолға алмақ. Тұрғын үйлерде санитарлық эпидемиологиялық дезинфекциялауды күшейту және іргелес аумақтарды санитарлық тазалау жүзеге асады.
«Карантин режимі кезінде қалаға бірінші қажеттіліктегі тауарларды: азық-түлік өнімдерін, дәрі-дәрмекті, медициналық өнімдерді, жеке қорғану және гигиеналық құралдарды жеткізу үшін «жасыл дәліз» жүзеге асырылады. Карантин кезінде балабақшалардың, азық-түлік емес сауда орындарының, яғни базарлардың, азық-түлік өнімдері мен дәрілік заттарды сататын орындардан басқа ірі сауда, ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысы тоқтатылады», – деді Бақытжан Сағынтаев.
Бақытжан Сағынтаев сондай-ақ барлық мекемелерді қашықтан жұмыс істеу форматына көшуге шақырды.
«Карантин режимі қаладағы қайнаған тіршіліктің жаңа ережелер бойынша жүзеге асырылатынын білдіреді. Бүгін қала құрылымы басшыларына еңбек ұжымдарының 70 пайызын қашықтан жұмыс жасауға көшіруді тапсырдым. Меншік формасына қарамастан кез келген кәсіпорын басшысына осындай ұсыныс айтамын. Карантин қолайсыз екені рас. Бірақ бұл мәжбүрліктен туындайды», – деді ол.
Әкімнің айтуынша, карантин қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін енгізіліп отыр.
«Төтенше жағдай кезінде барлығымыз бірігуіміз тиіс. Бұл жағдайда әр азаматтың тәртібі мен ой санасы өте маңызды. Мұндай қиындықтан бізді тек бірлігіміз бен бір-бірімізге қолдауымыз, тәртіптілігіміз ғана алып шықпақ. Біз қиындықты жеңеміз!», – деді шаһар басшысы.
Айта кету керек, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында карантин режимі 19 наурызда түнгі сағат 00:00-де енгізіледі.



