«Сбербанк Қазақстанның» атауы «Береке банк» болып өзгереді

«Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев «Сбербанк Қазақстанның» атауы «Береке банк» болып өзгеретінін мәлімдеді, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Шарлапаев бұл жайлы журналист Дмитрий Шишкинге берген сұхбатында айтты. Сөзінше, міндетті түрде ребрендинг жүреді. Ал меншік құқығын ауыстыру бойынша транзакция 1 қыркүйекте аяқталған.
«Жаңа банк «Береке банк» деп аталады. Қазақша жақсы сөз, мұны барлығымыз бір-бірімізге тілейміз. Сондықтан бұл банк бұған дейін жұмыс істеген құндылықтар мен ұмытылысты көрсетеді деп ойлаймын және әрі қарай да солай жұмыс істейді деп үміттенеміз», – деді ол.
2022 жылдың 2 қыркүйегінде «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің Сбердің еншілес банкінің барлық акцияларын сатып алу бойынша мәмілені аяқтағаны белгілі болды.
«Мәміле өзара қолайлы қаржылық шарттармен жасалды және барлық қажетті реттеушілік мақұлдаулардан өтті», – делінген хабарламада.