Үй қызметшісі сейфтен 61 млн теңге ұрлап, той жасаған
Өскеменде 21 жастағы бойжеткен жұмыс берушісін сазға отырғызып кетті. Үй қызметшісі болып жүрген жас қыз ондағы сейфтен қомақты қаржы ұрлап, ол ақшаға той жасаған, пәтер мен көлік сатып алған, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Сейфтегі қомақты ақшаның жоғалғанын байқаған үй иесі дереу полицияға арызданған. 35 жастағы жәбірленушінің айтуынша, үйдің астыңғы қабатында орналасқан сейфтен шамамен 130 мың АҚШ доллары ұрланған. Бұл 61 миллион теңгеден астам сома.

«Полиция қызметкерлері күдіктіні анықтады. Ол жәбірленушінің үй қызметшісі болып жұмыс істеген 21 жастағы қыз болып шыққан. Қазіргі уақытта 21 жастағы бойжеткен уақытша ұстау қапасына қамалды. Бұл дерекке қатысты Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігі (ірі көлемде ұрлық жасау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды», – делінген ШҚО Полиция департаментінің мәліметінде.

Күдіктінің айтуынша, ол алғашында тамыз айының басында сейфтен 10 мың АҚШ долларын ұрлаған және ол ақшаға шетелде демалып келген.
Демалыстан оралғанда қыз үй иелері ақшаның жоғалғанын байқамағанын түсінген. Әрі қарай ештеңе болмағандай сол үйде жұмысын жалғастырып жүре беріпті. Осылайша бір айдың ішінде 130 мың АҚШ долларын қолды еткен.



