Шымкенттегі мектептердің біріне «бомба қойылып», оқушылар эвакуацияланды
Шымкенттегі Д.Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейіне бомба қойылды. Мектепті дүр сілкіндірген ақпарат жалған болып шықты, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Тәртіп сақшылары ақпаратты алған бойда ғимаратты қоршап, көшенің бір бөлігін жауып тастады. Оқушылар, оқытушылар және мектептегі өзге де қызметкерлер түгел эвакуацияланды.
«Бүгін сағат 12:23-те 102 арнасына белгісіз ер адам қоңырау шалып, Д.Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейіне жарылғыш қойылғаны туралы хабарлаған. Оқиға орнын тексеру кезінде жарылғыш туралы жайт расталмады. Орын алған жағдай ҚР ҚК 273-бабы «Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау» бойынша тіркелді.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, оқиғаның мән-жайы анықталуда. Барлық қажетті тергеу іс-әрекеттері мен қоңырау шалған адамды анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуде», – делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.



