Инклюзивті білім беру жүйесі – педагогикалық тұрғыда қолдау көрсету

Шымкент қаласы Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Инклюзивті білім беру ортасын құру және ерекше білімді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау» атты оффлайн режимде панельдік секция отырысы өткізілді.
Секция жұмысының мақсаты: инклюзивті білім беруді психологиялық-педагогикалық тұрғыдан қолдауды қамтамасыз ету.
Инклюзивті білім беру – мүгедек пен дамуында сәл бұзушылығы мен ауытқулары бар балалардың дені сау балалармен бірге олардың әлеуметтендіру және интеграция процестерін жеңілдету мақсатындағы бірлескен оқыту. Инклюзивті оқыту біріктірілген (оқушы дені сау балалар сыныбында/тобында оқиды және дефектолог-мұғалімнің жүйелі көмегін алады), жартылай (жеке балалар күннің бір бөлігін арнайы топтарда, ал екінші қарапайым топтарда өткізеді), уақытша (арнайы топтардағы балалар және қарапайым топтардың оқушылары бірлескен серуендерді, мерекелерді, сайыстарды, жеке істерді өткізу үшін біріктіріледі), толық (дамуда ауытқулары бар 1-2 бала бала бақшаның, сыныптың, мектептің топтарына енгізіледі, мамандардың бақылауы бойынша түзету көмегін ата-аналар көрсетеді) болады.
Панельдік секция отырысына Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған ұйымдардың басшылары мен арнайы педагогтері белсенді қатысып, өзекті тақырыптар аясында баяндамалар оқып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шара барысында ЖШС «Асыл бала» директоры Г.К.Усенова, көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатының, (коррекциялық) №37 «Айгерім» балабақшасы (психикалық дамуы шектеулі балаларға арналған), есту кабілеті бұзылған балаларға арналған №2 N1 арнайы мектеп интернаттарының, №28 «Гаухар» балабақшасының арнайы педагогтері ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтендіру үдерісіндегі инклюзивті білім берудің өзекті мәселелеріне терең тоқталды.
Нәтижесінде, Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған ұйымдардың арнайы педагогтері инклюзивті білім беру ортасын құру және ерекше білімді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау аясында кездесетін мәселелі сұрақтарға жауап алып, жаңа серпінмен жаңа оқу жылын бастауға бет алды.



