Түркістан облысы

«SAMRUK-KAZYNA TRUST» есебінен сатып алынған гипотермия аппараттары 22 нәрестенің өмірін сақтап қалды

«Samruk-Kazyna Trust» қорының демеушілік қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Басқарылатын гипотермия» жобасының алғашқы нәтижелері жарияланды. 2021 жылдың мамыр айынан бастап 2022 жылдың қыркүйек айына дейін автоматты гипотермия жабдықтары арқылы 22 жаңа туған нәресте құтқарылып отыр.

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан қазіргі заманғы гипотермия аппараттары мен энцефалография мониторларын Қарағанды, Талдықорған, Ақтау, Өскемен, Орал қалаларындағы бес облыстық перинаталдық орталық және Шымкент қаласының қалалық перинаталдық орталығы алды. Жабдықтардың жалпы құны 132 миллион теңгені құрады.

Мамандандырылған жабдық пайда болғанға дейін реанимацияда қолда бар құралдармен механикалық гипотермия қолданылып, бұл әрқашан қанағаттанарлық нәтиже бермеді. Қажетті температураны 72 сағат бойы тура 34 градус ұстап тұру, ал содан кейін баланы біртіндеп жылыту өте қиынға соқты. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның «AYALA» қайырымдылық қорымен серіктестікте көрсеткен көмегінің арқасында перинаталдық орталықтардың реанимацияларында бұл еңбекті көп қажет ететін үдеріс енді толық автоматтандырылған. Нәтижесі – онда құтқарылған балалардың өмірі мен функционалдық денсаулығы.

«Көмек сұраған өтінішімізді «Samruk-Kazyna Trust» қоры мен «AYALA» қайырымдылық қорының жауапсыз қалдырмағанына шексіз қуаныштымыз. Жақында орнатылған жабдықтардың арқасында біз ауыр асфиксиямен туған баланың өмірін сақтап қалдық. Бұл осы жабдыққа деген жоғары сұранысқа айқын дәлел. Шымкент қаласының болашақ аналары осы құнды сыйлық үшін демеушінің атына айтылатын алғысымызға қосылатынына сенімдімін», – деп атап өтті Шымкент қаласы перинаталдық орталығы директорының міндетін атқарушы Дәулет Сатов.

Back to top button