Жаңалықтар

Сенбілікте аулалар сұйық сабынмен жуылды

Бүгін жалпықалалық тазалық күнінде Әл-Фараби ауданында сенбілік жұмыстары Қарасу шағын ауданы 67,69 көпқабатты үйлерінің ауласында өтті. Санитарлық тазалық кезінде балалар алаңшасы сұйық сабынмен жуылып, ойын элементтері сырланды. Тұрғындарға қолайсыздық келтіретін қураған ағаш бұталары кесіліп, аулалар сыпырылды.

Сондай-ақ, аудан аумағындағы қоқыс алаңшалары тазартылды. Аталған жұмыстарға Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, 11 арнайы техника және 120-ға жуық жұмысшы жұмылдырылды.

«Тазалық – табалдырықтан басталады», демекші қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Жалпы, тазалық жұмыстары қаламызда үздіксіз жүргізіліп келеді. Алайда «Тазалық тазаланған жерде емес, ласталмаған жерде болады» демекші, тұрғындардың санасына тазалық сақтау мәдениеті орнықпайынша мәселенің тез шешілуі оңай емес екені белгілі. Сондықтан, шымкенттіктер тұрып жатқан мекенін таза ұстауға атсалысса игі. Сонда ғана қаладағы жауапты мекемелердің жанкешті еңбегі көзге көрінер ме еді.

Тұрғындар арасында тұрғылықты жерін таза ұстау, ластануға жол бермеу, айналаны көгалдандыру жұмыстарына жұмыла атсалысатындай жаңа көзқарас қалыптастыруымыз керек. Ол үшін бір-бірімізге деген құрметтің де өзіндік орны бар.

Қала тазалығы баршаға ортақ. Әйтсе де, жерлестеріміздің тазалық жөніндегі мәдениетін, түсінігін әлі де көтеру қажет. Тазалық – отбасында қалыптасатын дүние. Шыны керек, кейбір ата-аналар үйде отырып алып балаларын қоқыс төгуге жұмсайтыны жасырын емес. Мұндай жағдайлар рейдтік шаралар барысында көптен кездесуде. Ал, сол бала шынында қоқысты арнайы темір жәшікке апарды ма, жоқ па, әлде аулаға, көше бойына лақтырып кетті ме, қадағалап жатқан жан жоқ. Тазалықты сақтау да – тәрбие. Сондықтан бұл мәселемен күреске тек көше тазалаушылар ғана емес, қоғам атсалысуы керек. Қоршаған орта тазалығы тек өзімізге байланысты екенін естен шығармайық, ағайын!

Құрметті тұрғындар! Қай кезде де болмасын ең бірінші өз ортаңа тазалықпен қарау- адамдықтың басты қасиеті екендігі белгілі!
Қаламыздың тазалығына немқұрайлы қарамайық!

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button