Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының биылғы атқарылған жұмыстары туралы
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап өз жұмысына кірісті. Әкімшілік сотта жалпы штат бойынша 9 судья 15 сот қызметкері жұмыс атқаруда.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына 2022 жылдың 9 айында 1272 әкімшілік талап арыздар түскен, ал өткен жылдан қалдық ретінде өткен істер саны 189 іс болса, қалдық істерді қоса алғанда жалпы 1461 істі құраған.
Есептік кезеңде жалпы түскен арыздардың 1205 арызы қаралып аяқталған, яғни 82,4 % пайызын құрап отыр. Оның ішінде 421 іс немесе 28,8 % пайызы шешім шығарумен аяқталған, оның 198 ісі бойынша талап арыз толығымен және ішінара қанағаттандырумен, яғни заң талаптарына сәйкес 47 % пайыз сотпен азаматтардың құқықтары қорғалған.
Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің бір ерекшелігі болған процестік мәжбүрлеу шаралары, оның ішінде ақшалай өндіріп алуға қатысты биылғы жылы соттың тарапынан әкімшілік процеске қатысушыларға қатысты жалпы 46 процестік мәжбүрлеу шаралары тағайындалған. Тағайындалған ақшалай өндіріп алудың жалпы сомасы 3 478 166 теңгені құраған.
Ақшалай өндіріп алуларды қолдануға әкімшілік процеске қатысушылардың соттың тарапынан белгіленген мерзімде соттың талаптарын толық немесе мүлдем орындамауы, сондай-ақ заңды күшіне енген сот актілерін уақытылы орындамауы себеп болған.
Осы аталған негіздермен сотпен мемлекеттік органдардың басшыларына қатысты 23, мемлекеттік мекемелерге қатысты 3, мемлекеттік мекемелердің бөлім басшылары, мамандары, сенімді өкілдеріне қатысты 10, жеке сот орындаушыларына қатысты 5, кәсіптік субъектілердің басшылары, жауапкер мен талапкер, олардың сенімді өкілдеріне қатысты 5 ақшалай өндіру қолданылған.
Жалпы сотпен тағайындалған процессуалдық мәжбүрлеу шараларының көпшілігі мемлекеттік мекемелердің ішінде «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына» қатысты қабылданған.
Қазіргі таңда, ақшалай өндіріп алу туралы сот ұйғарымдарының барлығы орындалып 3 478 166 теңге толықтай республикалық бюджеттің кірісіне өндірілген.