Талдықорғанда танысын «зорлады» деп айыптаған әйелдің өзі істі болды
Талдықорғанда жұмысқа қабылдамағаны үшін ер адамға жалған айып таққан әйел істі болды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
2020 жылдың қыркүйегінде Талдықорған полицейлеріне 29 жастағы жергілікті тұрғыннан арыз түскен. Әйел өзін зорлаған ер адамды жауапқа тартуды талап еткен. Аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп, нәтижесінде әйелдің үстінен іс қозғалды.
Полиция мәліметінше, істің мән-жайын анықтау кезінде тергеуші арызданушының жауабы сәйкес келмейтінін байқаған. Сараптама қорытындысы да оның сөзін теріске шығарыпты. Белгілі болғандай, әйел жұмысқа қабылдамағаны үшін танысына жала жапқан.
«Зорлау дерегіне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Кейін арызданушының үстінен Қылмыстық кодекстің 419-бабы бойынша іс қозғалды, яғни қылмыс жайлы жалған ақпарат тарату. Дерек дәлелденді және көп ұзамай қалалық сот шешімімен айыпталушыға 3,5 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», – деді Талдықорған полиция басшысының орынбасары Шыңғыс Нұрахимов.