BasNewsЖаңалықтар

Екібастұздағы апат: Смайылов барлық әкімге үндеу жасады

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Екібастұздағы жағдайға байланысты барлық әкімге үндеу жасады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Айта кетейік, бүгінгі Үкімет отырысында Екібастұз қаласын жылумен қамту мәселесі қаралды.

«Екібастұз қаласында жылу беруді қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыру керек. Апатқа себеп болған барлық мәселені тез арада шешу қажет. Энергетика министрлігі Индустрия министрлігімен бірлесіп, «Екібастұзжылуэнерго» мекемесіндегі технологиялық ережелерді бұзуға қатысты тексеру жүргізсін. Қыс басталмай жатып, осындай төтенше жағдай орын алып отыр. Барлық әкім бұдан қорытынды шығаруға тиіс», – деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар премьер-министр жүргізілген жөндеу жұмыстарының сапасын тексеру қажет екенін атап өтті.

«Барлық жылу және энергия жүйелерінің қауіпсіз әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін осы объектілердің меншік иелерімен жұмыс жүргізуі керек. Ұлттық экономика, энергетика және индустрия министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында коммуналдық кәсіпорындардан келіп түсетін әрбір өтінімді мұқият зерттеуі тиіс. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын жаңғыртуға және жөндеуге бөлінетін қаражаттың нақты, мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауға алу керек. Әкімдер жылу беру маусымын тұрақты жеке бақылауда ұстасын», – деді Үкімет басшысы.

Back to top button