Шымкентте жас аналар мен қыз-келіншектерге құқықтық кеңес берілді

Еңбекші АПБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері «Көмек» оңалту орталығына арнайы барып, ондағы аналар мен бөбектердің хал-жағдайымен танысты.
Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу қызметі мекемесінде зәбір көріп, зорлық-зомбылық тауқыметін тартқандар, кереғар діни ағымдардан зардап шеккендерге психологиялық қолдау көрсетіледі. Бұл баспанаға нарколог, психолог, психотерапевт және әлеуметтік қызметкерлермен қоса Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері де үнемі келіп, қыз-келіншектермен жекелей жүздесіп, заңға сай кеңес беріп келеді.
Сондай-ақ, қиын жағдайға тап болған әйелдер қауымының құқықтық сауаттылығын арттырып, зорлық-зомбылықтың түрлері мен себептерін зерделеп, алдағы уақытта қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізеді.
«Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бүгінгі таңда кей нәзік жандылардың басты проблемасының бірі. Бірақ олар бұл туралы ашық айта бермейді. Отбасындағы өзара келіспеушіліктер көбінесе ауыр салдарға әкеп соғады және одан көп жағдайда қыз-келіншектер зардап шегеді. Өмірдің сынағымен бетпе-бет келген әйелдермен сауалнама жүргізу барысында анықталғаны – жанұядағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың орын алуына көбіне әлеуметтік жағдайдың төмендігі себеп болады», – деді полиция капитаны Ж.Бегалықызы.
Осы ретте, тәртіп сақшылары тұрғындарға жақын туысыңыз немесе өзіңіз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда, мемлекет тарапынан бірқатар маңызды көмек түрін тегін ала алатыныңызды еске салады.
Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» Заңының 4 бабына сәйкес, тұрмыстық зорлық-зомбылық тек күш көрсету немесе психологиялық қана емес, сексуалдық және (немесе) экономикалық зорлық-зомбылық түрінде болуы мүмкін. Күш көрсету зорлық-зомбылығы – дене күшін қолданып, денені ауыртып денсаулыққа қасақана зиян келтіру. Психологиялық зорлық-зомбылық – адамның психикасына қасақана әсер ету, оны қорқыту, қорлау, бопсалау немесе құқық бұзушылықтарды өмірге, денсаулыққа қауіп төндіретін, сондай-ақ психикалық, дене және жеке басы дамуының бұзылуына әкелетін әрекеттерді жасауға мәжбүрлеу (еріксіз көндіру) арқылы ар-намысы мен абыройын кемсіту. Сексуалдық зорлық-зомбылық – адамның жыныстың тиіспеушілігіне немесе жыныстық еркіндігіне қауіп төндіретін құқыққа қарсы қасақана іс-әрекет, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттер. Экономикалық зорлық-зомбылық – адамды заңмен көзделген құқығы бар тұрғын үйінен, тамағынан, киімінен, мүлкінен, қаражатынан қасақана айыру.



