ТЖ кезеңіндегі электрэнергиясы бойынша шығындарды «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС өтейді
Төтенше жағдай кезіндегі электр энергиясына қатысты мәселе шешімін тапты, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша электр энергиясының мәжбүрлі түрде өскен шығындарын өтеу мәселесі бірінші вице-премьер Роман Склярдың қатысуымен және «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС иелерімен бірге шешілді, — деп жазды облыс әкімі Асайын Байханов Іnstagram әлеуметтік желісінде.
Оның айтуынша, ТЖ кезеңінде 27 қарашадан 8 желтоқсанға дейін 48 мың 957 абонент үшін пайдаланған электр энергиясына өтемақыны атаулы есептеу туралы келісімге қол жеткізілді.
— Енді біз есептеулерді және төлемнің бірыңғай мөлшерін анықтаймыз, оны тұтынушылардың жеке шоттарына аудару жолдарын қарастырамыз. Барлық шығындарды «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС иелері өз мойнына алады, — деді аймақ басшысы.
Естеріңізге сала кетейік, зардап шеккен үйлердің тұрғындары қараша мен желтоқсан айларында жылыту төлемдерінен босатылған болатын.