BasNewsЖаңалықтар

Екібастұзда 29 жеке үй әлі де жылусыз отыр

Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин брифингте Екібастұзда әлі күнге дейін жылусыз отырған 29 жеке үйдің бар екенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Basnews.kz.

Әкім жекелей секторларда жылу тарату жұмыстары жүргізіліп, көрсеткіш сандарының өзгеріп жатқанын жеткізді.

«Өткен түнде біздегі мәліметтерге сай 38-ге жуық жеке тұрғын үй жылусыз қалған болатын. Қазір соның 29-ы жылусыз. 400-ге жуық жұмылдырылған адамдармен жұмыс таңнан кешке дейін жалғасуда. Тұрғындардан жылытуға қатысты көптеген сұрақтар келіп түсуде. Қазір жылумен қамту жүйесін теңгерімдеумен айналысатын бес реттегіштер тобы жұмыс істеуде», – деді Аян Бейсекин.

Әкім қазір көмекке павлодарлық мамандардың да келгенін тілге тиек етті.

«Олар алдағы бірнеше күнде, тіпті бір аптада теңгерімдеу және реттеу жұмыстарымен айналысады. Магистральдық желілерде параметрлер бар, бірақ кварталішілік және үй ішінде қысым жасау мәселесі бар», – деп қосты әкім.

Еске салсақ, бұған дейін Павлодар облысының Екібастұз қаласында жылудың жоқтығына байланысты төтенше жағдай жарияланған болатын.

Back to top button