McDonald’s Қазақстандағы жұмысын қайта бастамақ
McDonald’s Қазақстандағы жұмысын қайта бастайды, – деп хабарлайды Basnews.kz.
Бұл туралы McDonald’s Kazakhstan бас директоры Әсет Машанов мәлімдеді.
«Біз еліміздің нарығында жұмыс істеуді жалғастыруды жоспарлап отырмыз және мейрамханалардың жұмысын қалпына келтіру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Біздің компания ірі жұмыс беруші болып табылады және біз қазақстандық нарыққа салыстырмалы түрде жақында ғана енген брендті одан әрі дамытқымыз келеді. Біз халықаралық бренд болғандықтан, қазіргі геосаяси жағдайлар жұмысымызға әсер етіп жатыр. Қазіргі мақсатымыз – өз қызметімізді барлық талаптар мен процедураларға сәйкес жалғастырып, әрі қарай дамыту», – деді Әсет Машанов.
McDonald’s Қазақстанға қатысты жағдай Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті мемлекеттік органдар, бизнес және ұлттық компаниялар өкілдерінің қатысуымен өткен онлайн отырысында талқыланды.
Атап айтқанда, тауарларды кедендік ресімдеуді жеделдету, сәйкестік сертификаттарын, ветеринариялық сертификаттарды алу мәселелері қаралды.
«Келесі аптадан бастап жыл соңына дейін алыс-жақын шетелдерден тауарлар қабылдайтын боламыз. Біздің тәжірибемізге сүйенсек, кедендік ресімдеу процесі, өкінішке орай, көп уақытты алады және бір жұмыс аптасына дейін созылады. Бізге қолдау көрсетулеріңізді сұраймыз», – деді Әсет Машанов онлайн отырыста.
Өз кезегінде жергілікті өндірушілер McDonald’s Қазақстанға өз өнімдерін жеткізуге дайын екендіктерін атап өтті.
Хабарланғандай, 18 қарашадан бастап бүкіл Қазақстан бойынша McDonald’s мейрамханалары жұмысын уақытша тоқтатты. Себеп – жергілікті жеткізуге шектеу қойылды, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
McDonald’s Қазақстанда 6 жылдан астам жұмыс істеп келе жатыр. Ірі қалаларда 2000-нан астам азамат жұмыс істейтін 24 мейрамханасы бар.