Смайылов әлемдегі ең бай адаммен инвестиция жобаларын талқылады
Премьер-министр Әлихан Смайылов пен Adani Group компаниясының президенті Гаутам Адани Қазақстанда бірқатар инвестициялық жобаны іске қосу перспективасын ақылдасты, – деп хабарлайды Basnews.kz.
Кездесуде көлік және логистика, энергетика, тау-кен металлургия кешені, мұнай-химия, ауыл шаруашылығы және тағы басқа салаларда жобаларды іске асыру мүмкіндіктері қаралды. Премьер-министр мұның барлығы Қазақстан экономикасы үшін басым бағыттар екенін атап өтті.
«Осы орайда Adani Group-пен ынтымақтастықтың әлеуеті зор деп санаймыз және сіздің компанияңыздың біздің еліміздегі іскерлік байланыстарды кеңейту ниетін құптаймыз», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет Қазақстанда холдинг жобаларын іске асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетуге дайын.
Өз кезегінде Гаутам Адани компания бірінші кезекте азаматтық авиация, мұнай-химия секторы, көлік-логистикалық инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және «жасыл» сутегін өндіру бойынша жобаларға қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.
«Біз белсенді жұмыс істеуге дайынбыз», — деді Гаутам Адани.