BasNewsЖаңалықтар

Ақтөбеде 9 бала мен жаттықтырушысы мінген көлік аударылып кетті

Ақтөбеде жаттықтырушы мен тоғыз бала мінген көлік жол апатына ұшырады. Бір бала көз жұмды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Polisia.kz дерегінше, 2022 жылғы 17 желтоқсанда Ақтөбе-Болгарка-Шұбарқұдық тасжолында Темір ауданының 32 жастағы тұрғыны басқарған Toyota Estima автокөлігі аударылды.

Автокөлік ішінде 11 адам, оның ішінде 2010-2011 жылдары туған 9 бала болды. Олар Шұбарқұдық ауылынан Ақтөбеге волейболдан жарысқа қатысу үшін шыққан.

Салдарынан 1 бала жол-көлік оқиғасы болған жерде көз жұмды, қалған 8 бала Ақтөбедегі облыстық балалар ауруханасына жеткізілген.

Ақтөбе облысы полиция департаментінің өкілі Айдос Құлжанов балаларды тасымалдайтын кезде полиция қызметкерлері ілесіп жүруі үшін жолға шығардан 3 тәулік бұрын сұраныс жасау керегін ескертті.

«Құрметті азаматтар, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы 26 наурыздағы №349 бұйрығына сәйкес, балаларды тасымалдау кезінде полиция қызметкерлерінің ілесіп жүруі үшін белгіленген мерзімге дейін 3 тәулік бұрын сұраныс ұсынылуы қажет», – деді Ақтөбе облысы ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары.

Back to top button