BasNewsЖаңалықтар

Қарағанды облысында жол жабылғанына наразы жүргізушілер видеоға түсіп қалды

Қарағанды облысында жүргізушілер полицейлермен дауласып, жабық жолға шығуға тырысқаны видеоға түсірілді, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.

Әлеуметтік желілерде полицейлердің айтқанына бағынбай, Алматы-Екатеринбург жолына шығуға тырысқан жүргізушілер түсірілген видео тарап жатыр. Видеода көлік иелері ашулы екені және жолды ашуды талап еткені көрінеді. Видео Желі қолданушылары арасында түрлі пікір тудырған. Көбі полицияның ұстанымын қолдап, ролик кейіпкерлерін жазалауды талап етті.

«Былтыр Осакаровка жолында бағынбағаны үшін адамдар жауапқа тартылды, бұларды да жазаға тарту керек! Қызметкерлерге қол көтермейтін, сөздерін қадағалайтын болады», – деп жазған Желі қолданушысы.

Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі өкілі де видеоға қатысты пікір білдірді. Ведомство өкілі видео Балқаш маңындағы тасжолда түсірілгенін айтты.

«Алматы-Екатеринбург жолы басқа республикалық маңызы бар жолдар сияқты қолайсыз ауа райына байланысты жабылды. Біздің облыста боран мен қалың қар салдарынан дауыл туралы ескерту жарияланғанын бәрі біледі. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін патрульдік полиция батальонының қызметкерлері тәулік бойы жолдарда кезекшілік етті. Олар өңір ТЖД қызметкерлерімен бірлесіп, қарда тұрып қалған көліктерден адамдарды құтқарып, эвакуациялады. Өкінішке қарай, бәрі дерлік шұғыл қызметтердің ұсыныстарын елемейді және өздеріне қауіп төндіріп, жолға шығады. Балқаш маңындағы жағдай – бұған тағы бір дәлел. Видеода түсірілген жүргізушілерге полиция мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен жолдың ашылуын күтетін кезде жылы баспана, ыстық тамақ берілді. Оларға тек шыдам қажет болды. Бірақ оның орнына олар полицейлермен дауласып, жолды ашуды талап етті», – деді баспасөз қызметі өкілі.

Ведомство мәліметінше, полицейлердің өтінішіне қарамастан, үш автокөлік жүргізушісі ережені бұзып, жолға шыққан. Тәртіп сақшылары көліктің мемлекеттік нөмірлерін анықтаған. Жүргізушілер кім екені анықталғаннан кейін оларға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 667-бабы бойынша әкімшілік хаттама жасалды. Осы бап санкциясына сәйкес құқықбұзушыларға айыппұл салынады немесе 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады.

«Азаматтар ауа райын қадағалап, қолайсыз кезде жабық жолға шықпауы керек екенін тағы да еске саламыз. Өкінішке қарай, кейбір жүргізушілер барлық ұсынысты елей бермейді және өздеріне, жақындарына қауіп төндіреді. Содан кейін олар көмекке мұқтаж болады», – деді ведомство өкілі.

Back to top button