Үшеуі бір қызды аяусыз ұрған: Талдықорғандағы оқушылардың ата-анасына айыппұл салынды
Талдықорғанда оқушы қызды соққыға жыққан жасөспірімдердің ата-анасына айыппұл салынды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Талдықорғанда құрбысын ұрды деп айыпталған мектеп оқушыларының ата-аналары сотқа тартылды. Жетісу облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен әрбір отбасына 20 АЕК – 69 мың теңге айыппұл салынды.
Құқық бұзушы қыздарға қатысты ӘҚБтК-нің 73-1-бабы бойынша әкімшілік іс жүргізу әлі де жалғасып жатыр. Жәбірленуші оқушы қыздың өкілі (оның әжесі) бастапқыда арыз беруден бас тартқан. Алайда кеше қалалық полицияға арызданды. Қыз емделу және толық медициналық тексеруден өту үшін ауруханаға жатқызылды. Қажет сараптамалар тағайындалды.
Полиция жанжалға қатысушыларға қатысты басқа да деректерді тексеріп жатыр. Бейнежазбаның авторы кәмелетке толмаған қыздардың 19 жастағы танысы болып шықты. Ол да анықталып, полицияға жеткізіліп, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.