Түркістан: Р. Сейтметов театры жаңарған ғимаратта көрермендерге жаңа қойылым ұсынды
Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театрында Карло Гоццидің «Ханшайым Турандот» комедиясының премьерасы өтті. Қойылым премьерасына облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев және өңірдегі зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Осы залға бес жыл бұрын келген едім. Ол кезде қаладағы жалғыз мәдени орын еді. Ұжым сондай жақсы өнер көрсеткенімен, ғимарат жұпынылау, жағдайы қиындау болатын. Өткен жылы облыс басшылығының қолдауымен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгін жаңа ғимаратта 2023 жылдың алғашқы қойылымын ұсынып жатыр. Театрға деген қамқорлық, көмек Райымбек атамыздың әруағына құрмет деп білем. Түркістанда қазір жаңа мәдени-рухани орталықтар салынып, көптеген ғимараттар ашылып жатыр. Дегенмен бұл театрдың орны бөлек. Бұл – Түркістандағы рухани орталықтың қара шаңырағы. Сіздер осы қара шаңырақтың қадірін қашырмай, абыройын асырып жүрген қадірлі ұжымсыздар. Осы еңбектеріңізге табыс тілеймін. Бүгінгі премьераға қатысып жатқаныма қуаныштымын. Түркістан жай ғимараттармен рухани қала бола алмайды, рухани бай адамдармен еліміздің мәдени ордасы бола алады. Бұл бағытта бірлесе жұмыс жасаймыз, – деді Бейсен Дәулетұлы.
Қойылымда Қытай билеушісі Альтоумның қызы Турандот ханшайымның тұрмысқа шыққысы келмеуі туралы оқиғалар суреттеледі. Тәкаппар және қатыгез Турандот жер бетіндегі барлық ер адамға сенбейді, олардың бәрі өтірікші деп ойлайды. Сонда да күйеу жігіттер сапқа тізіліп, үміттерін үзбейді. Қыңыр қызының кесірінен әртүрлі елмен соғысуға мәжбүр болған әкесінің қырағылығын сейілту үшін ханшайым керемет жоспар жасайды. Әрі қарай шиеленіскен оқиға көрерменге ой салып, күлкі сыйлайды.
Аталмыш туындыны белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев аударған. Ал қойылымның қоюшы режиссері – Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың, «Құрмет» орденінің иегері Қуандық Қасымов. Режиссері – Айдар Наурызбаев. Қоюшы суретшісі – Қанат Шериев. Костюм суретшісі – Айнұр Көшкінбаева. Театр директоры – ҚР Мәдениет қайраткері Ержан Исатаев. Театрдың көркемдік жетекшісі – ҚР Мәдениет саласының үздігі Айдар Наурызбаев.
Айта кетейік, театр ғимаратына өткен жылы облыстық бюджеттен қаржы қаралып, күрделі жөндеу жүргізілген болатын. Осыған байланысты араға біраз уақыт салып театр ұжымы өз көрерменімен қайта қауышып отыр. Жаңа ғимараттағы алғашқы әрі қызықты қойылым алдағы екі күн сахналанатын болады.