Атырауда әкесі 11-жасар қызын намаз оқыту үшін ұрып-соққан
Атыраулық ер адам 11 жасар қызын ұрып-соғып, дұға жасауға мәжбүрлеген. Әкесінен зәбір көріп, үйінен қашып кеткен жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тұрып жатыр, – деп хабарлайды Basnews.kz.
Бұл жайында бейімдеу орталығының қызметкері Дильназ Әділжанқызы әлеуметтік желіге жазды. Оның айтуынша, 11 жасар қыздың анасы түрмеге түскен.
Бостандыққа шыққан соң балаларынан бас тартып, отбасынан кетіп қалған.
«Былтыр жасөспірім қыз әжесінен ауруханаға апаруды өтінген. Аурухана дәрігерлері жасөспірімнің денесінен жарақатты, көгерген дақты, қабырғасының сынығын анықтаған. Ал, биылғы қаңтарда сыныптасының әкесінен көмек сұраған. Ол жасөспірімді полицияға жеткізген. Полиция қызметкерлері әкесінен қорлық көрген қызды кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырды», -деп жазды Дильназ Әділжанқызы Facebook парақшасында.
Қазір психологтар азаптауға ұшыраған жасөспіріммен жұмыс істеп жатыр.
Ал полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабының 2-бөлігінің 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
Тиісті сараптамалар тағайындалды. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.