Министрлік елімізде көкөніс бағасын айтарлықтай төмендетуге уәде берді
Премьер-Министрдің тапсырмасын орындау аясында осы аптада өңірлерде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың резервтерінен әлеуметтік маңызы бар көкөністерді брондау басталады, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Бұл туралы primeminister.kz порталы мәлімдеді.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, өңірлік комиссиялар осы аптада бірінші кезекте пиязға, одан кейін сәбізге, картопқа, қырыққабатқа тауарлық интервенциялар жүргізу, көлемін, бағасын, шарттары мен сауда нүктелерін анықтау туралы шешім қабылдауы керек. Сонымен қатар негізгі шарттардың бірі – бөлшек сауда бағасы қол қойылған келісім-шарттар аясында болмақ. Тауар интервенцияларының ұзақтығы ақпаннан сәуірге дейін жалғаспақ.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов жариялаған әкімдіктердің нақтыланған мәліметтеріне сәйкес, республика бойынша пияз қорының деңгейі 130%, картоп бойынша – 118%, сәбіз – 103%, қырыққабат – 74%-ды құрайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлерге сатып алуға ұсынған қорлардың деңгейі маусымаралық қажеттілікпен есептелетінін айтты. Бұл қала тұрғындарының төрт айлық тұтынуының 30 пайызын құрайды.
Премьер-Министр Серік Жұманғарин негізгі азық-түлік тауарларының бағасына қатысты жағдайды тұрақтандыру жөнінде нақты тапсырма бергенін еске салды.
«Үкіметтің ұсыныстары бар, қазір ең бастысы – тәртіп пен орындау талап етілуде. Қырыққабат қорын әлі қамтамасыз ете алмағандарға Қырғызстанмен арзан бағамен келісімшарт жасауды ұсынамын. Біз Qaztrade АҚ арқылы қолдау көрсете аламыз. Әзірге көкөніс қорын дереу алуға кірісіңіз», – деді ол.