Алматыда адам ұрлаған үш жігіт ұсталды
Алматы полицейлер адам ұрлаған үш жігітті ұстады. Олар ер адамды көлік багажына салып, күштеп алып бара жатқан жерінен ұсталды, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі.
Адам ұрлағандар жайлы ақпарат Polisia.kz медиа-порталында жарияланды. Дерекке сүйенсек, қылмыс Алмалы ауданында болған. Кезекші бөлім телефонына Chevrolet маркалі көлігіне адамды күштеп отырғызу туралы хабарлама түседі. Дереу қала бойынша “Ұстау” жоспары енгізіліп, көлікті екі экипаж Мақатаев пен Жетісу көшелерінің қиылысында тоқтатады.
Салондағы үш адам ұсталды. Жүксалғыштан тағы бір ер адам табылды. Ол аталған көліктің иесі екені белгілі болды. Күдіктілер жедел-тергеу тобына тапсырылды, – делінген полиция ақпаратында.
Кейіннен көлік иесі жағдайдың қалай болғанын түсіндірді. Сөзінше әлгі жігіттер оны күштеп көлік багажына басқан. Артынша тауға апарып, өлтіретінін айтыпты. Ал күдіктілер болса, жәбірленушінің ірі көлемде ақшаға алдап кеткенін және сол үшін осы қадамға барғандарын айтып ақталуда.
Қазіргі таңда аталған іске байланысты тергеу жұмыстары басталды. Олардың әрекетіне соның нәтижесіне сай құқықтық баға беріледі.