Елімізде бәйшешек жұлғандар 1,5 миллион теңге көлемінде айыппұл арқалайды
Елімізде бәйшешек гүлдері заңмен қорғалған. Жұлғаны үшін кез келген азамат қомақты айыппұл төлейді, – деп хабарлайды Basnews.kz.
Бүгінде елдегі бәйшешектер жойылу қаупі алдында тұрған гүлдер санатында. Тіпті кей түрлері бір ғана үлгіде кездеседі. Содан да болар, “Қызыл кітапқа” енгізілген. “Астана” телеарнасының жазуынша Алматы маңында аппақ бәйшешектер, Алатау жауқазыны, Алматы шиқылдағы, Алтай ашықтұқымды өсімдігі сынды қорғауға алынған гүлдер бар. Олардың нақты санының есебі жүргізілмейді. Бірақ бүгінде бәйшешектердің азайып бара жатқаны анық. Ғалымдар оның бір себебін қала кеңейіп, құрылыс жұмыстарының белсенді жүріп жатқанымен байланыстырады.
Сонымен қатар көктемнің келуімен көптеген демалушылар табиғатқа шығып, гүл жарған бәйшешектерді кесіп алады. Ал бәйшешектер түйін түрінде, тұқымдармен таралатындықтан, олар көбейіп те үлгермейді. Бұл өсімдіктер ерекше қорғауды қажет етеді дейді Жиембаев атындағы қазақ өсімдікті қорғау және карантин ҒЗИ бөлім меңгерушісі Нұржан Мұхамадиев.
“Бәйшешектердің таралу аймағы тарылып бара жатыр. Тау бөктерінде буферлік және қорық аумақтарын құруды ұсынып отырмыз. Соның арқасында Алматы мен Іле Алатауының табиғатының биологиялық әртүрлілігін сақтауға болады. Бұл жерлерде сирек кездесетін өсімдіктер көбейе алады. Осындай аймақтардың арқасында бәйшешектерді де сақтап қалуға болады”, – дейді ол.
Заңнамаға сәйкес, бәйшешектерді жұлғаны үшін 1,5 миллион теңге айыппұл салынады. Құқықбұзушылықтың ауырлығына байланысты үш жылға дейін бас бостандығынан айыру сынды қылмыстық жауапкершілік те қарастырылған.