BasNewsЖаңалықтар

Алматыда 3 қабатты дәмхана шатыры өртенді

Алматының Бостандық ауданында үш қабатты дәмхана шатыры өртеніп жатыр, – деп хабарлайды Basnews.kz тілшісі қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өрт туралы хабар таңғы 8-де түскен. Бостандық ауданындағы Розыбакиев көшесі, 274 мекенжайына жеткен өртсөндірушілер үш қабатты дәмхананың шатыры өртеніп жатқанын анықтаған. Қою түтін байқалады.

«Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары күшейтілген құрамда жұмыс істеп жатыр. Жақын маңдағы ғимараттарды қорғау және өртті сөндіру үшін өрт саптамалары енгізілді. Қосымша өрт сөндіру бригадалары келді, гидранттарға автоцистерналар орнатылды, магистральдық желілер созылды, үздіксіз сумен қамтамасыз етілді. Бірінші болып Гагарин-Бәсенов өртсөндірушілері келді. Өрт сөндіруге арналған баспалдақ көлігі жұмылдырылды», – деді ТЖД өкілдері.

Құтқарушылар өрттің таралуына жол бермеу үшін шатырды ашып жатқандарын атап өтті. Оқиға орнына 28 адам мен 7 техника жұмылдырылған. Өрт 30 шаршы метрді шарпыған.

Сағат 08:35-те Төтенше жағдайлар департаменті өрт оқшауланғаны туралы хабарлады.

Back to top button