Тәртіп сақшылары тұрғындарға заң шеңберінде қызмет көрсетіп, қоғамның тыныштығын сақтап келеді

Тәртіп сақшылары құқықбұзушылықтарға қарсы тұрып, азаматтардың құқығын қорғап қана қоймай, әрдайым тұрғындарға заң шеңберінде қызмет көрсетіп, қоғамның тыныштығын сақтап келеді.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің басшылығына қала тұрғыны алғыс айтып, бейнежазба жолдаған. Онда полиция қызметкерінің жедел әрі сапалы қызметіне риза болып, тәртіп сақшыларының жұмыстарына сәттілік тілепті.
«Мен, Айгүл Өсербаева, 2023 жылдың 16-наурызында пәтерімнен телевизорымды ұрлап әкеткені туралы арызданған болатынмын. Осы жайт бойынша Тұран АПБ қызметкерлері полиция капитаны Байымбет Досалы, полиция аға лейтенанты Ердәулет Ералиев және полиция лейтенанты Мұхамеджан Қадыркулов жедел түрде әрекет етіп, менің телевизорымды қайтартып берді. Сол себепті, тәртіп сақшыларына өз алғысымды білдіремін. Жұмыстарына табыс тілеймін!» – деп шынайы ризашылығын жеткізді.
Шымкент қаласы Полиция департаментінде полиция генерал майоры Қайрат Дәлбековтің жеке қабылдауына жыл басынан бері жеке қабылдауына 195 адам қатысқан. Ал, кеше 20 адаммен жүздесіп, оларды мазалаған мәселелерге назар аударды. Тұрғындардың басым көпшілігі, алаяқтыққа және қылмыстық істерді тергеу мәселесіне қатысты арыз-шағымдары мен пікірлерін жеткізді. Сәйкесінше, департамент бастығы Қ.Дәлбеков аталған саланың жауапты мамандарына қатаң тапсырма беріп, әр істі жеке бақылауында ұстайтынын ескертті.
Бұдан бөлек, жиналғандар арасында полиция қызметкерлеріне деген алғысы бар азаматтар да кездесті. Оның ішінде, зейнеткер қарт кісі полицейлердің құқықтық көмек көрсетіп, жол сілтегені үшін және үлкенге деген зор құрметі мен кішіпейілдігі үшін алғыс білдірді.
Айта кетейік, егер сіздің де шешілмеген мәселеңіз, тыңдалмаған уәжіңіз болса « 97-66-39 » байланыс нөміріне хабарласып, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбековтің жеке қабылдауына жазыла аласыздар.


