Пікір

Метағалам: өміріміздің жаңа саласы

Айналамыздағы әлем асқан жеделдікпен өзгеріп барады!  Цифрлық технологиялар біздің өркениетке параллель Метағаламды құрып берді, ол елеске ұқсас болғанымен, барған сайын сұлбасы айқындалып келеді – оны енді  «түртіп көруге» болады,  онда шынымен «сауда жасай аласың», киім-кешек пен аяқ киімді киіп көруге болады…  Бұндай жағдайда маркетинг жаңа технологиялар мен трендтерге қалай бейімделеді, жасанды интеллект шынымен ақырзаманды жақындата ма, жоқ па, осы жөнінде біз инновациялық менеджмент және маркетинг саласының сарапшысы Нұржан МАХМУДОВПЕН әңгімелестік.

Қарапайым адамның бұған сенуі қиын, бірақ ресми түрде жасанды интеллектінің негізін қалаушы – ХІІІ  ғасырда Испанияда өмір сүрген  философ, математик әрі ақын Раймонд Лулл. Ол өзі әзірлеген ұғымдардың классификациясы негізінде әртүрлі практикалық міндеттерді шешуге арналған механикалық машина жасауға тырысқан бірінші адам болды делінеді.

«Жасанды интеллект» термині сеньор Луллдан жеті ғасыр өткен соң ғана пайда болғаны рас. Бұл сөз тіркесін 1956 жылы Дартмут университетінде өткен конференцияда Lisp атты ЖИ тапсырмаларына арналған алғашқы  бағдарламалау тілінің, және де функционалдық бағдарламалау негіздерінің авторы Джон Маккарти ұсынды. «Скайнет» деп аталатын жасанды интеллекті бар «Терминатор» туралы фильмдерден кейін ол біреуге шабыт берсе, біреуді үрейлендіретін  болды.

Қазір «Жасанды интеллект» десе, сарапшылар адамның ақыл-ойына ұқсас және оны одан әрі кеңейтетін бағдарламалар мен жүйелерді жасаумен айналысатын компьютерлік ғылым саласын айтады. Әрине, ЖИ-дің қазіргі деңгейі компьютердің қарқынды дамуының арқасы екені айтпаса да түсінікті.

Негізінде, ЖИ-дің ғаламат мүмкіндіктерінің ең керемет дәлелі – Метағаламның пайда  болуы – қазірден-ақ экономикаға, бизнеске, мәдениетке және басқасына нақты ықпал етіп отырған гипотетикалық шындық.  Метағалам триллиондаған доллар айналатын жер, бүкіл планетадағы алпауыт жұмыс орындарының ошағы болып үлгерді.

Біздің бұрынғы «оффлайн» іспетті әдістермен салыстырғанда, Метағаламдағы маркетинг әлдеқайда белсенді және «контекске басы-бүтін кіріп кеткен». Мұнда тұтынушылармен және сатып алушылармен байланыс біржақтылықтан арылып, серпінді бола түсті. Болашақ тұтынушы кез келген бренд пен өнімді виртуалды кеңістікте таңдай алады. Олар өнімді көріп қана қоймай, тіпті онымен әрекеттесе алады, бұл оның құндылығын әлдеқайда тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.

Мысалы, Nike – Meтағалам пайда болысымен маркетинг тәжірибесін жасай бастаған брендтің бірі. Олар түрлі виртуал әлемде «киюге» болатын виртуал кроссовкалар жасады. Бұл виртуал шындықты белсенді пайдаланатын жастар аудиториясын қызықтырғаны сөзсіз.

Осы іскерліктің нақты нәтижесінің біреуін ғана келтіре кетейік. Nike 18 жастағы суретші Fewocious-пен бірлесіп, әрқайсының бағасы 3000, 5000 және 10 000 доллар тұратын NFT-кроссовкаларының топтамасын шығарды. Бар болғаны жеті минут ішінде 600 виртуалды аяқ киім сатылып кетті, компания 3,1 миллион АҚШ долларын тапты.

Тағы бір әлемге әйгілі бренд Gucci өзінің сән топтамаларының виртуал нұсқаларын жасады, оларды виртуал әлемде «өлшеп көруге» және «сатып алуға» болады.

Meтaғаламды өзгеше музыкалық әсер алу үшін пайдаланған Fortnite компьютерлік ойыны туралы да айтуға болады. Олар Travis Scott пен Marshmello сияқты атақты артистердің виртуал концерттерін өткізіп, миллиондаған көрерменнің назарын аударды. Бұл Fortnite-ті ойын-сауық платформасы ғана емес, әлеуметтік қарым-қатынас алаңы ретінде де танытты.

Әсіресе, Meтағалам өзінің тағы бір «туысы» – криптовалютамен тығыз  байланысты.  Көптеген суретшілер мен шығармашылық контент жасаушылар Метағаламды өз жұмыстарын NFT (токен) түрінде сатып, тарату үшін пайдаланады. Бұл олардың жұмысын монетизациялауға жол ашады, өз табынушыларымен және коллекционерлермен әрекеттесудің инновациялық әдістерін ұсынады.

Осы мысалдардан-ақ  Meтағаламдағы маркетинг қалайша ғажайып әсер етіп, жаңа аудитория тартуға ықпал ететінін көруге болады. Технологиялар дамып, жаңа виртуал кеңістіктер пайда болған сайын, бұл салада инновациялар көбейе береді деп күтеміз.

Осы тұста көрнекі мысал ретінде Қазақстандағы өмірімізден бір дерек келтіргім келеді, онымен ешкім дауласа қоймас. Кеше ғана біз өмірімізді қолма-қол ақшасыз елестете алмайтынбыз. Ел жалақы алатын кезде банк кассаларында ұзын-сонар кезекке тұратын. Ал қазір тіпті такси жүргізушілері мен үйдің жанындағы дүкен сатушылары бірден аударым жасауды сұрайды.

Менің ойымша, біз Метағаламдағы өмірге бейімделеміз және бұл өте қарқынды жүріп жатыр!

Енді тауарлар мен қызметтерді жеткізушілер қомақты әрі лайықты пайда табу үшін Метағалам шарттарымен жаңа маркетингтік стратегияларды меңгеруге ұмтылып жатыр. Ең алдымен, бұл стратегиялар бойынша құрылатын виртуалды кеңістікте тұтынушылар өнімдерді көріп-таңдай алатын болуы керек. Өзінің әлеуетті тұтынушыларын танып-білу және алдын ала талдау  жасау үшін жасанды интеллект белсенді қолданылатын болады.  Менің ойымша, әртүрлі платформалар мен Meтағалам ішіндегі креативті контент әзірлеушілер арасында тығыз ынтымақтастық қатар жүреді.

Болашақта біз физикалық және виртуалды әлемдер интеграциясы күшейе түсетінін көреміз. Бәсекелестіктің артуына байланысты Meтағаламдағы маркетинг ерекше серпін алады және интерактивті болады, тұтынушылармен қатынастың жаңа форматтары мен платформаларын жасайды. Сонымен бірге, маркетинг процестерінің жасанды интеллект пен машиналық оқыту технологияларымен интеграциясы да өседі.

Жасыратыны жоқ, бізде танымал американдық фильмдердің арқасында  «ақылды машиналардан» үрейлену сезімі бар. Ондай оқиғалар өмірде де болды.  Осы жылдың наурыз айының соңында Илон Маск, Стив Возняк сияқты атақты адамдар мен мыңнан астам технология сарапшылары жаңа AI жүйелерін оқытуды тоқтата тұруға шақырып, ол адамдардан «асып түсіп», «бізді алмастыратынын» ескертіп, ашық хат жариялады.

«Терминаторды», одан кейінгі сиквелдер мен приквелдерді, сондай-ақ ЖИ тақырыбындағы басқа да шайқас фильмдерін 30 жылдан бері көріп келе жатқан жаһандық аудитория «машиналар көтерілісі» қайда әкеп соғатынын    елестете алады…

Әйтсе де, бұл хатты оқығандар Батыс бизнесінің жетекшілері шын мәнінде ЖИ-ді дамытудағы «бақылаусыз бәсекеге» қарсы екенін түсінеді.    Сондықтан олар қолданыстағы OpenAI  компаниясының GPT-4 жүйесінен де қуатты модельдер әзірлеуге алты айлық мораторий енгізуді ұсынды. Осы уақыт ішінде жасанды интеллекті жүйелерін әзірлеу мен дамытудың қауіпсіздік хаттамасын бірлесіп енгізу қажет.

Меніңше, планетамызды балаларымыз бен немерелерімізге аман-сау қалдыру үшін адамдарда өзін-өзі сақтау рефлексі іске қосылуы керек.

Ғылыми прогреске келсек, енді оны тоқтатып, кері қайтару мүмкін емес. Біз   «қашықтағы» режимде жұмыс істеп, тіршілік етуге, тауарлар мен қызметтерді алуға үйреніп қалдық, сондықтан Метағаламда маркетинг орасан зор қарқынмен өсіп, дами береді. Өйткені, қазір әрбір бренд, әрбір өндіруші мен сатушы тұтынушылармен қатынастағы кастомизация (өнімді адам сұранысына сай өзгерту) мен персонализацияны қолдануда Meтағалам арқылы ерекше мүмкіндіктерге ие болып отыр.

Негізі, қазіргі кезеңде біз «машиналар көтерілісінен» гөрі, деректерді және  пайдаланушының жеке өмірі туралы ақпаратты қорғауға қатысты жаңа  қатерлерге алаңдауымыз керек. Және де виртуал кеңістік пен ұсынылатын қызметтер жоғары сапалы болуы қажет.

Виртуал және қосымша шындық секілді технологиялар анағұрлым терең қатынастар құруға пайдаланылады. Блокчейн қауіпсіздік пен ашықтықты қамтамасыз етеді, ал жасанды интеллекті мен машиналық оқу персонализация мен аналитикада жақсы көмектеседі.

Back to top button