Жаңалықтар

Шымкент: Балалар тәртіп сақшылардан қауіпсіздік ережесі бойынша маңызды мағлұматтар алды

Балалардың жол-көлік оқиғалары кезіндегі зардап шегуі, жарақат алуының алдын алу, көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын нығайту мақсатында жұмыстар жүргізілуде.

«Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» жобасы ҚР ІІМ-нің тапсырмасына сәйкес республика көлемінде қолға алынған. Аталған іс шара Шымкент қаласының аудан аумақтарындағы мектеп оқушыларын қатыстыра отырып, түрлі сабақтар өткізу арқылы жүзеге асады.

Абай аудандық полиция басқармасы Ювеналды полиция тобының инспекторлары «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» тақырыбында білім ордаларында дәріс өтіп, оқушылардың жол қауіпсіздігі бойынша сауаттарын арттыруға атсалысып жатыр.

Мәселен, Ювеналды полиция тобының инспекторы Р.Хамитов №118 мектептің бастауыш сынып оқушыларына арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сабақ барысында LED экран арқылы көрнекіліктер пайдаланып, бүлдіршіндерге жол қозғалысы ережесін егжей-тегжейлі таныстырылды.

«Бала қауіпсіздігі – басты орында. Әрбір баланың мектептен тыс жерде жүргенде жол ережесін сақтау өте маңызды. Осы ретте, оқушыларға көшеде және жолда жүру дағдыларын қатаң сақтап, жол ережесін жіті түсіндірдік. Сонымен қатар, көлік көп өтетін жерде жолды тек белгіленген орындарда және бағдаршамның жасыл түсіне ғана өту керектігін ескертіп, жол жүрісі ережелерімен таныстырдық. Балалар сабаққа белсенді қатысып, қауіпсіздік ережесі бойынша маңызды мағлұматтар алды»,- дейді полиция майоры.

Балалар – жол жүрісіне қатысушылардың ең осал санаттарының бірі. Көбіне жол жүрісі қағидаларын білмеу немесе оларға немқұрайды қарау салдарынан жолдың бойында ойнап жүрген, белгіленбеген жерлерден көшені кесіп өткен балалар жол апатына себепші болып жатады. Балалардың жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрысқа байланысты дағдыларын нығайту мақсатында, қала берді оқушылардың оқу жылының басталуы қарсаңында «Абайлаңыз – балалар!» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғанын атап өткен жөн.

Басқа жаңалықтар

Back to top button