Жаңалықтар

«Біздің полиция» – Серік Жантаев

Шымкент қаласы Полиция департаменті «Біздің полиция» жобасын жалғастырып жатыр. Кезекті кейіпкеріміз — өз міндетін мінсіз атқарып жүрген Ішкі істер органының жас маманы Серік Жантаев.

Серік Мұратұлы 2002 жылы Шымкент қаласында туылған. Кішкентайынан нысанды форма киіп, полицей болуды армандаған жас түлек мектепті бітірген бойда Қарағанды қаласындағы Б. Бейсенов атындағы Заң академиясына оқуға түседі. Мақсаты алға сүйреп, бүгінде жаны қалаған салада еңбек етіп жүр.

Қазіргі кезде Абай АПБ-да Анықтау бөлімінің анықтаушысы болып қызмет етеді. Анықтаушы қызметінің ең ауыр жүгі – ар алдындағы адалдық. Қашанда үлкен жауапкершілікті, сабырлық пен төзімділікті және ұқыптылықты қажет ететін күрделі сала. Анықтаушы қызметінің маңыздылығы адам тағдырына байланысты болғандықтан, әрбір болған қылмысты жан-жақты тергеп-тексеріп, ақ-қарасын анықтап, қылмыскердің кінәсін немесе кінәсіздігін дәлелдеп, әділ шешім қабылдау болып табылады.

«Бала кезімнен полиция мамандығын құрмет тұттым. Армандадым. Өзіме қалайда полиция қызметкері боламын деген мақсат қойдым. Біздің әулетте ешкім құқыққорғау органында жұмыс істемеген. Әулетіміздің ішінен мен ғана осы саланы таңдағанмын. Сондықтан, сүйікті ісіме барынша көңіл бөліп, ешқандай тірлікті ертеңге қалдырмауға тырысамын», — дейді полиция аға лейтенанты.

Айта өтетін ақпарат, анықтау — бұл сотқа дейінгі іс-әрекеттерге жататын, ҚР Қылмыстық кодексінде белгіленген әрекеттердің негізгісі. Ал оны атқарып, жүзеге асыратын — анықтаушы. Анықтаушы өз кезегінде ҚР заңдарына сүйене отырып қылмысты, қылмысты жасаған адамдарды анықтайды. Ұрлық, алаяқтық, жол-көлік оқиғасы бойынша денсаулығына орташа деңгейдегі зиян келген оқиға секілді қылмыстарды ашумен, анықтаумен айналысады. Осыны ерекше ескерген тәртіп сақшысының өз қызметіне деген жауапкершілігі күн санап артып жатқаны қуантады.

«Біздің әр күніміз ғана емес, әр сағатымыздың өзі қым-қуыт оқиғамен өріліп жатады. Сол себепті қызметтің ыстығына күйіп, суығына тоңған майталман әріптестірімнен тәжирибе алып, әрмен қарай шындалып келемін. Әр уақытта мамандығымды мақтан тұтамын», – дейді полиция аға лейтенанты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button