Погонды ару – Перизат Тұрғанәліқызы

«Отанға қызмет – абыройлы іс», – дейді дана халқымыз. Соңғы кездері полиция қатарынан нәзік жанды аруды көру таңсық жәйіт емес. Олардың қатары күн санап артып келеді. Олар өздерінің тұрмыстағы бала тәрбиесімен қатар, асқан жауапкершілікті талап ететін полиция қызметінде абыройлы қызмет атқаруда.
Әйел затының жаны нәзік, табиғаты сұлулық пен көркемдіктен тұрғанымен тұла бойына қайсарлық пен батылдық қасиеттерін ұштастыра білетін арулар баршылық. Қазақстан полициясының қатарында қызмет атқарып жүрген ержүрек қыздарымыз аз емес. Бүгін солардың бірі туралы әңгіме өрбітпекпіз. Өзіне жүктелген міндетті кәсіби шеберлікпен жоғары деңгейде орындап, оны асқан жауапкершілікпен атқару оңай іс емес екендігі бәрімізге белгілі. Темірдей тәртіпті ту еткен құқық қорғау саласында бәріне қойылар талап пен тәртіп бірдей. Дегенмен, қоғам мен бесік тыныштығын қатар алып, қатаң тәртіп пен кәсібилікті үйлестіре білген сегіз қырлы, бір сырлы нәзік жандылар қатарына аяулы ана, асыл жар, ибалы келін – Перизат Тұрғанәліқызы Маймақованы ерекше атап өтуге болады.
Ол 1980 жылы 16 ақпанда Сайрам ауданында дүниеге келген. Бала кезінен погон тағып, полицей болуды армандаған полиция майоры 2000 жылы Ашық университетінің «Құқықтану» факультетін тәмәмдайды. Құқық қорғау саласындағы алғашқы еңбек жолын 2014 жылы Еңбекші ауданы Полиция басқармасы ювенальды полиция қызметі лауазымынан бастаған. Бүгінде полиция майоры Шымкент ҚПД Әл-Фараби АПБ ювенальды полиция тобының аға учаскелік полиция инспекторы лауазымында мінсіз қызмет атқарып келеді.
Өз қызметтік міндеттерін адал әрі мінсіз атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген полиция майоры 2020 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен 2 дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» кеуде төсбелгісімен, 2023 жылы «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталған.
Қызмет барысында антына адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқық тәртібін қорғауға зор үлес қосып келе жатқан нәзік жанды полицей ару 3 баланың анасы.



