Шымкент: Тәртіп сақшылары бастауыш сынып оқушыларына “Жолда абай бол!” тақырыбында сабақ өткізді

Балалардың жол-көлік оқиғалары кезіндегі зардап шегуі, жарақат алуының алдын алу, көшелер мен жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын нығайту мақсатында ел аумағында «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» атты кең ауқымды жедел-профилактикалық іс-шарасы қолға алынып, жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері оқушылардың мектепке барып- қайтатын, олар жиі баратын көпшілік және қоғамдық орындардағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертті. Жолдағы қозғалыс бағыттарын арнайы іс-әрекетпен көрсету арқылы жол ережелерін жаттатты.
Акция аясында Абай АПБ ЖПҚБ Ювеналды полиция тобының инспекторы М. Ізбасарова бастауыш сынып оқушыларына “Жолда абай бол!” тақырыбында сабақ өткізді. Тақырыпқа сай, жол ережелері түсіндіріліп, оқушыларға сұрақтар қойылды.
«Сабақ барысында оқушыларға көшеде және жолда жүру дағдыларын қатаң сақтап, жол ережесін жіті түсіндірдік. Сонымен қатар, көлік көп өтетін жерде жолды тек белгіленген орындарда және бағдаршамның жасыл түсіне ғана өту керектігін ескертіп, жол жүрісі ережелерімен таныстырдық. Балалар сабаққа белсенді қатысып, қауіпсіздік ережесі бойынша маңызды мағлұматтар алды»,- дейді тәртіп сақшысы.
Өз кезегінде, оқушылар сабақта меңгерген жол белгілері мен ережелерін көрсетіп, бір-бірімен бөлісті. Полиция қызметкерлері дәрісті қорытындылай келіп, оқушыларға жолда абай болуға шақырды.
Айта өтетін ақпарат, «Балалардың жолдағы қауіпсіздігі» жобасы ҚР ІІМ-нің тапсырмасына сәйкес республика көлемінде қолға алынған. Аталған іс шара Шымкент қаласының аудан аумақтарындағы мектеп оқушыларын қатыстыра отырып, түрлі сабақтар өткізу арқылы жүзеге асады. Балалардың жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрысқа байланысты дағдыларын нығайту мақсатында, қала берді оқушылардың оқу жылының басталуы қарсаңында «Абайлаңыз – балалар!» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталғанын атап өткен жөн. Іс-шара шеңберінде білім беру мекемелерінің аумағындағы жол желісінің жұмыс күйін және жол жүрісін ұйымдастырудың техникалық құралдарын зерттеу, ата-аналар мен мұғалімдерге жол қауіпсіздігі бойынша профилактикалық сабақтар, дәрістер өткізу көзделген.



