«Біздің полиция» – Ердәулет Ералиев

Шымкент қаласы Полиция департаменті «Біздің полиция» жобасының кезекті кейіпкері – Тұран АПБ жедел уәкілі, полиция аға лейтенанты Ердәулет Ералиев. Ердәулет Қанатұлы 1997 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. Бала күнінен қоғамның тыныштығын күзетуді, Отанға адал еңбек етуді көздеген оның діттеген мақсаты бар-тын. Ол – тәртіп сақшысы атанып, погондылар қатарынан табылу еді. Мектеп бітірген бойда алға қойған мұратына жету үшін осы бағыттағы жоғарғы оқу орнына түскен. Осылайша ол, 2014-2018 жылдары Қарағанды қаласындағы Б.Бейсенов атындағы Заң академиясын үздік көрсеткішпен тәмамдайды.
Алғашқы еңбек жолын Қаратау аудандық полиция басқармасы Анықтау бөлімінің анықтаушысы болып бастап, қазіргі кезде Тұран АПБ-ның жедел уәкілі лауазымында қызметін атқаруда.
Жүгі ауыр, жауапкершілігі зор саланы абыроймен еңсеріп жүрген полицей әркез өзіне жүктелген міндетті кәсіби шеберлікпен атқарып келеді. Бастысы, жас сақшының жұмыста жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, басшылық тарапынан марапаттар алып, халықтың алғысына бөленіп жүргені қуантады.
«Полиция қызметкері болу – менің арманым болды. Салада қиындықтар мен қызықты жайттар көп кездеседі. Қызметпен қатар спортты бірге алып жүрмін. Футбол ойнағанды жақсы көремін. Бастаған істі соңына дейін жеткізе білу, жауапкершілікті бәрінен жоғары қою қасиеті де – тәртіп сақшысы үшін басты қағида», – дейді полиция аға лейтенанты.
Ердәулет Ералиевтің айтуынша, анықтау қызметі полициядағы жауапкершілігі жоғары жұмыс болып табылады. Орын алған қылмысқа байланысты барлық материалды жинап, куәгерлер мен жәбірленушілерден сұрастырып, ең бастысы күдіктіні айнытпай анықтауы тиіс. Заң арқылы жауапқа тартылуын қадағалау үшін заңгер де, психолог та, сарапшы да бола білу қажет-ақ. Айта өтетін ақпарат, аса қажетті айғақтарды табу арқылы қылмыскерлерді ізін суытпай ұстайтын анықтаушы күрделі мамандықтар санатында.



