Жаңалықтар

Көпқабатты тұрғын үйде өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаңыздар!

Шымкент қ.ТЖ департаментінің «101» диспетчерлік басқару пультіне сағат 16:32-де Әль-Фараби ауданы, Қонаев даңғылы бойында орналасқан 11 қабатты тұрғын үйде өрт орын алғандығы туралы хабарлама келіп түскен.

Оқиға орнына алғашқы келген өрт сөндіру бөлімдері көп қабатты тұрғын үйдің 6-қабатында көлемі 3 ш.м. балкон қаптамасы жанғандығын анықтады.

Өрт сағат 16:42-де оқшауланып, сағат 16:50-де толығымен сөндірілді. Зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.

Оқиға орнына Өрт сөндіру қызметінің 14 қызметкері мен 4 дана техникасы жұмылдырылды.

Балаларды қараусыз қалдыру, қауіпсіздік ережелерін түсіндірмеу, өрт қауіпті заттарды олардың қолдары жетпей орынға қоймау салдарынан көптеген қайғылы жағдайлар орын алуда. Әсіресе көп қабатты тұрғын үйлердің терезелерінен құлап кету жағдайлар жиі болып жатады.

Осы орайда Шымкент қаласындағы мамандандырылған жасақта «Отырар» телеарнасы журналистерінің қатысуымен арнайы сюжет дайындалып, жасақ бастығының көмекшісі азаматтық қорғау капитаны А. Туранов өрт сөндірушілердің қызметі, алдын алу шаралары, балалардың қауіпсіздігі туралы сұхбат берді.

Тұрғын үйлердегі өрттің жалпы себептері: ақаулы сымдар,қосулы электр құрылғыларын қараусыз қалдыру, темекі тұқылдарын дұрыс өшірмеу болып табылады. Көпқабатты үйдегі өрттің қауiптiлiгi – өрт пен түтіннің төменнен жоғары қарай тез таралуы. Сондықтан жоғарғы қабаттардың тұрғындарына да үлкен қауіп төніп тұр.

– Өрт және (немесе) түтін көзі анықталса, дереу өрт сөндіру қызметіне «101» қоңырау шалу керек. Бұл ретте мекенжайды, байланыс телефон нөмірін және басқа да қажетті мәліметтерді дәл атаңыз.
– Үй-жайдан адамдарды, балаларды, жануарларды шығарыңыз. Мүмкін болса, суық мезгілде өзіңізбен бірге құжаттар, ақша, жылы киім алыңыз.
– Электр құрылғыларын розеткадан ажыратыңыз. Өрт даму сатысында болса, оны өзіңіз өшіріп көріңіз. Бұл жағдайда өрт сөндіргіштерді, құм, жер, тығыз дымқыл шүберекті қолданған дұрыс. Суды пайдалану тиімсіз, кейде қауіпті.
– Өрттен адамдарды эвакуациялау кезінде мынаны есте сақтау керек:
Егер алдыңғы есікке апаратын жол жабық болса, онда өрт сөндірушілер келгенше балконда, лоджияларда немесе терезенің жанында болған дұрыс. Сигналдарды айқайлау, қол бұлғау және т.б. арқылы беру.

Басқа жаңалықтар

Back to top button